Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жанақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Алдымен аймақ басшысы «Жайылма» ауылдық округіндегі 150 орындық ауылдық клубтың құрылыс алаңына барды. Нысанның бас мердігері – «Астана Сервис ЛТД» ЖШС құрылысты 2021 жылы тамыз айында бастаған. Осы тамыз айында аяқталмақ.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы осы ауылдық округтегі егін алқабын аралады.
Биыл Жаңақорған ауданында 38 мың гектарға жуық жерге майлы және малазықтық дақылдар, картоп, көкөніс-бақша және басқа да дақылдар егілген. Мұнан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасымен картоп, көкөніс-бақша дақылдарын егуге ынталы азаматтарға 295 гектар жер дайындалып берілді. Еске салсақ, өткен жылдан бері ауылдарда өздерін қажетті азық-түлікпен қамтуға және қосымша табыс табуға ниет білдірген отбасыларға осындай қолдау шарасы қарастырылған.
Мұнан әрі аймақ басшысы аудан орталығындағы 300 орындық мектеп құрылысымен танысты. Білім ошағы 2020 жылдан бері салынуда, алдағы оқу жылында пайдалануға берілмек. Облыс әкімі мектеп құрылысын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтауды тапсырды.
Сапар соңында Нұрлыбек Машбекұлы Жаңақорған кенті С.Қожанов көшесіндегі теміржол өткеліне барды. Ұзындығы 92 метр көпір өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Алдағы уақытта нысанның техникалық жағдайына сараптама жасалады. Пайдалануға жарамды болса, оған қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<