Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінде «Бүкіләлемдік сапа күніне» орай «Сапа – табыс көзі» атты тақырыпта жиын өтті.
Жиында департамент басшысы Ерқанат Кеулімжаев атаулы күннің маңыздылығына тоқталды. Мұнан кейін департаменттің бас маманы Айгүл Әбдікәрімова «Сапалы және қауіпсіз өнімдер табысқа жетелейді», «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ филиалының сертификация бөлімінің сектор басшысы Ольга Ленева «Денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету менеджмент жүйесін енгізу ІSO 45001:2018 талаптарына сәйкестігі» және «ҚазСтИн» РМК ҚФ басшысы Гүлназ Шарапат «Өндірісте өнімнің сапасын арттырудағы стандарттың рөлі» тақырыптарында баяндама жасады.
«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ филиалының директоры Ерманхан Қамбаров жиналғандарды мерекемен құттықтап, «Новомет Қазақстан» ЖШС, «Мөлдір және Компания», «Алтын Орда» ЖШС және «Семізбай-U» ЖШС-ін «Үздік сапа 2018» арнайы номинациясымен марапаттады.
Кез келген кәсіпкер өнімін шығарғанда, бастысы, сапасына мән беретіні сөзсіз. Сапалы тауарға сұраныс та жоғары. Осы ретте елімізде тұрақты негізде кәсіпорындарды ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына, «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурстары мен көрмелері, Кедендік одақ жағдайына бәсекелестікті арттыруға арналған конкурстар өнім сапасын жақсартуға ынталандырады. Биыл «Алтын сапа» байқауына «Арал тұз» АҚ, «Сұлтан Сүйрік» ЖШС, «СКЗ-U» ЖШС және «Стандарт құрылыс сервис ЛТД» ЖШС қатысуға ұсыныс білдірген.
Жиынға қатысушылар пікір алмасып, кәсіпкерлер тарапынан туындап жататын сұрақтарға жауап берді. Шара соңында жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<