Сапаға сын болмауы тиіс

811

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап көрді. Алдымен «СПМК-70» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына аялдап, мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті.

Осы ауданда салынып жатқан 10 несиелік тұрғын үйдің жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Жобаның жалпы құны 7 млрд теңгеге жуық. Барлығы 500 отбасы қоныстанады деп жоспарланған. Былтыр қаңтар айында басталған құрылыс биыл жыл соңына дейін бітеді. Жауапты мердігерлер – «Авангард», «Абу Сер», «Промстройсервис» және «СКС Инжиниринг» ЖШС.

Сапаға сын болмауы тиіс

– Биыл облыс бойынша жылдағыдай көптеген көпқабатты үй құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде қаладағы «СМПК-70» ауданындағы 12 тұрғын үй бар. Қазір біз аймақ басшысымен бірге 10 үйдің құрылысын көруге келіп отырмыз. Бұның барлығы да – несиелік баспаналар. Жыл соңына дейін құрылысы бітіп, барлық көпқабатты үй пайдалануға беріледі, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев.

Айта кетейік, биыл аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1294 пәтерлік 31 тұрғын үй құрылысын жүргізіп, жыл аяғына дейін 1244 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Құрылысшылармен кездескен облыс басшысы жұмысты сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтауды тапсырды.

– Алдағы уақытта құрылысқа үлкен көңіл бөлінеді. Республикалық, облыстық бюджеттен қаражат қарап, инвесторларды тартамыз. Жақында еліміздегі үлкен компаниялардың бірі – «Orda Invest» өкілдері келіп, жаңадан биік үйлерді тұрғызу туралы ұсыныспен шықты. Жоба мақұлданып, құрылысқа жер бөлінді, қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін кем дегенде 14-15 қабатты тұрғын үй тұрғызылады. Мұнан бөлек, сол жағалау бойынан 7 қабатты жаңа үйлердің құрылысын бастаймыз.

Жалпы өңірде салынатын әрбір нысан бұдан былай арнайы кеңесте қаралып, мақұлдана отырып орындалады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мұнан кейін облыс әкімі Ж.Бекқожаев пен Төле би көшелеріне жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Қала орталығындағы қос жолдың ұзындығы бірдей, екі шақырымнан асады. Ж.Бекқожаев көшесін жөндеуге жауапты мердігер «Қызылорда жолдары» ЖШС болса, Төле би көшесін қайта қалпына келтіру жұмыстарына «Ақнұр-авто» ЖШС кірісіпті. Екі көшеге берілген қаржы көлемі шамалас, 200 млн теңгеден асады. Құрылыс жұмыстарын бітіру тамыз айына жоспарланған.

Сапаға сын болмауы тиіс

Облыс әкімі жол салу барысында барлық инженерлік жүйелерді есепке алу қажеттігін және мердігерлерге істі тиянақты әрі сапалы аяқтау керектігін ескертті.

– Қандай да бір құрылыс болсын, бастысы – сапа. Тағы бір ескерер нәрсе, жол істемес бұрын сол көшедегі барлық инженерлік жүйені де есепке алыңыздар. Біз жол салып алып, артынан астында қалған судың не газдың құбырын ауыстырамыз деп бүлдіріп жатамыз. Бұлай болмауы тиіс. Сонымен қатар, жобаларды жүзеге асыру барысында, біріншіден, қажеттілігіне, екіншіден, құнына қарайтын боламыз. Биылдың өзінде Қызылорда қаласында жол жөндеуге 3 млрд теңге бөлінсе, бюджетті нақтылау барысында осы қаржыны екі есе арттыруды көздеп отырмыз, – деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, халыққа ең керекті жол, ауызсу, газ, жарық, әлеуметтік нысандар екенін айтқан аймақ басшысы алдымен өзекті деген мәселелерді шешу керектігін нықтап ескертті.

Айта кету керек, биыл жергілікті маңызы бар 342 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді жөндеу жоспарланған.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<