Сапалы өнімге сұраныс тоқтамайды

938

0

Кәсіп ашып көкжиегіңді кеңейту мүмкін еместей көрінетін. Ынта жоқ дерсіз, одан бөлек өзіне сенімсіздік тағы бар. Алдымен қаржы жағы қалай болар екен деп дүдәмал күйге түсетінімізді де жоққа шығара алмаймыз. Рас, кәсіпкерлікпен тек ауқаттылар ғана айналысатындай көрінетін көзге.

Бүгінде қала мен даладағы жұрттың айтар мәселесі – жұмыссыздық. Мемлекет те дәл осы дертпен күресуде кәсіпкерлердің ықпалы зор екенін айтып отыр. Әрі осы салаға бейімделу үшін түрлі бағдарламалар легін ұсынды. Әсіресе, ауылдағы ағайынға жақсы мүмкіндіктер қарастырып қойды.

Шағын және орта бизнеске деген қамқорлықты сезінгеннің бірі – Сырдария ауданына қарасты Қалжан ахун ауылының тұрғыны Гүлмира Махамбетова. Үкімет ұсынған бағдарлама мүмкіндігін қалт жібермепті. Дұрысы, ол «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып, ауылда наубайхана ашқан. Қазір үш елді мекенді ыстық нанмен қамтып келеді.

– Кәсіп бастауға негізгі себеп болған жайт, ауылдағы дүкендерде көбіне нан болмай қиналатынбыз, – дейді кәсіпкер келіншек. – Болашақта іске асырамын деген үш кәсіптің көзін арнайы дәптерге түсіріп қойған едім. Бірі – наубайхана өндірісі. Бизнес жоспар құрып, кәсіпкерлік курсынан өттім. 2020 жылы жобам қолдау тауып, қайтарымсыз 2,2 млн теңге қаржы ұтып алғанымда қатты қуандым. Әрине, алғашында қиын болды. Ғаламтордан көріп, білгенімізбен нан пісіру оңай шаруа емес. Оның өз технологиясы бар. Әлеуметтік желіден арнайы курсқа қатысып, наннан бөлек тәтті бәліш, бөлішке, тандыр нан секілді өнім түрлерін халыққа ұсынып келеміз.

Гүлмираның наубайханасы күніне 500 бөлке ыстық нанды өндіре алады. Сонымен қатар тандырдың 100, бөлішкенің 100 және самсаның 200 данасын тапсырыспен орындайды. Кәсіпкер ауылдан екі адамды жұмыспен қамтыған.

– Бұл берекесі мол кәсіп.  Қазақ «Ас атасы – нан» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан өз ісімді наннан бастауды жөн көрдім. Екіншіден, қай өнімнің де сапасы дұрыс болса ғана сұраныс тоқтамайды. Мен мұны анық түсіндім, – дейді ол.

Сапасына сақтықпен қарайтын кәсіпкердің ендігі мақсаты – көрші ауылдар мен кент орталығындағы бірнеше дүкенді нан өнімдерімен қамтамасыз ету. Қазір де тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Сондай-ақ Гүлмира кәсібін кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алу арқылы кондитерлік өнімдер де дайындамақшы.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<