Жаңа жыл қарсаңында балалардың денсаулығына қауіпсіз әрі сапалы ойыншықтарды қалай таңдау керек? Бұл туралы Астанадағы Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары айтып берді, – деп хабарлады «Алматы» телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, сынамалар жүргізілген ойыншықтардың 50 пайызы талаптарға сай келмеген. Бұл департаменттегі Техникалық регламенттер талаптарын сақтау бөлімінің басшысы Қарлығаш Әбдішева ойыншықтар қауіпсіздігі жөнінде бірқатар сауалға жауап берді. Оның айтуынша, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті шаһар бойынша сатылымдағы ойыншықтарды зертханалық зерттеу көрсеткіштеріне бақылауға сатып алады да, зерттейді.
«Зерттеу нәтижелері бойынша, біз ары қарай сауда орындарына және тасымалдаушыларға шара қолданамыз. Биыл, яғни 2018 жылдың аяғында 173 ойыншық үлгісін сатып алып, зерттедік. Соның 50 пайызы, яғни 88 үлгісі техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеді. Сәйкес келмеген ойыншықтардың 85 пайызы таңбалану бойынша сай келмеді, яғни өнімдердің сыртында ойыншық туралы ешқандай ақпарат болмаған. Ал қалған 15 пайызы органолептикалық көрсеткіш бойынша жарамсыз болып қалды, яғни ойыншықтың иісі шектеулі нормадан артық болып жатты», – деді ол.
Айтуынша, талаптарға сәйкес емес ойыншықтардың 97 пайызы Қытай мемлекетінің өндірушілерімен шығарылған ойыншықтар. Бірақ ол ойыншықтардың таңбалануында қандай тауар фирмасы шығарғаны туралы ақпарат болмаған. Тек мемлекеттің аты ғана жазылған. Аудармасы немесе ойыншық туралы қандай да бір ақпарат болмапты. «Талапқа сай келмейтін ойыншықтардың бала денсаулығына қауіп төндіретін органолептикалық көрсеткіші бойынша иісінің артық шектеулі нормадан артық болуы байқалды. Иісі болғандықтан, оның ішінде, Қытай ойыншықтарында формальдегид, стирол, фенол сияқты көптеген химиялық заттардың шектеулі нормадан артық болып жататыны жиі кездеседі. Яғни, ол заттардың артық болуы балалардың денсаулығына өте зиянды. Өйткені, олар аллергиялық реакциялар беруі, басқа да ауруға шалдықтыруы мүмкін», – деді маман.
Сонымен қатар, маман ойыншықты қалай таңдау керегін айтты. «Әрбір тұтынушы, әрбір ата-ана өзінің баласына ойыншықты тиянақты түрде таңдауы керек. Ойыншықтың бүкіл сыртқы түріне мән беруі қажет. Оның әрбір жеке бөлшектерін тартып, ұстап көруі керек. Міндетті түрде ойыншықтың орауышы, яғни қаптамасы болуы тиіс. Сондықтан сыртқы түріне, таңбалануына қарау керек. Әрбір тұтынушы ойыншық сатып алғанда оның сапасын растайтын құжат сертификатын сұрауы қажет. Сертификаты жоқ ойыншықтар сапасыз болып келеді», – деді Әбдішева.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<