«Сапардың қос тарап үшін де мән-маңызы зор»

319

0

Елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльді «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Салтанатты қарсы алу рәсімінен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Шығыс залына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты. Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді.

– Бүгінгі сапардың қос тарап үшін де мән-маңызы зор. Корея Республикасы – біз үшін сенімді серіктес әрі стратегиялық әріптес. Екі елдің достық дәстүрге негізделген қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі мәселелер іскерлік рухта және сындарлы негізде шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті.

Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып жатыр. Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады. Біз осы жетістіктерді еселеп, қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Бұл сапар екі елдің ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.

Өз кезегінде Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Көптеген кореялық компания Қазақстан экономикасына инвестиция құйып, жұмыс орындарының ашылуына және өнеркәсіптің өркендеуіне ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, кореялық инвесторлар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, бу-газ электр станциясының құрылысы сияқты ірі жобаларға қатысып, Қазақстанның ұлттық инфрақұрылымын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Біз аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-SilkRoad бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы, – деді Корея Республикасының Президенті.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль  екі ел арасындағы қарым-қатынасты кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге ниетті екенін тағы да растады. Сондай-ақ осы байланыстарды саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша одан әрі нығайта түсуге өзара ниет білдірді.

Бұдан бөлек, президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кореяның халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелерге қатысты ұстанымы ұқсас екенін атап өтіп, әлемдегі геосаяси қайшылықтардың шешілуіне екі ел орта державалар ретінде өз үлестерін қоса алатынын мәлімдеді.

Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты.

Қазақстан Президентінің пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің «негізгі жаһандық мемлекет» ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Сеул – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында және еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның отыз жылдан астам уақыт ішінде жоғары деңгейдегі саяси диалогқа қол жеткізгенін, табысты экономикалық ынтымақтастықты және берік гуманитарлық байланыстарды жолға қойғанын атап өтті. Екі ел парламентаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық деңгейде және басқа да түрлі салаларда ықпалдастық орнатқан. Іскерлік кеңес пен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел кәсіпкерлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты жолға қою ісінде тұрақты байланыстар аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания жемісті жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне назар аударды.

– Қазақстанда тұратын 120 мың этникалық корей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және оған өлшеусіз үлес қосады. Өз кезегінде Кореяда білім алып жатқан мыңнан астам қазақстандық жастар мемлекеттер арасындағы «достықтың алтын көпірі» саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Юн Сок Ёль қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, биыл Корея Республикасы мен Қазақстан арасында стратегиялық серіктестік орнағанына 15 жыл толғанын атап өтті.

– Корея Республикасы өзінің басты стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен бірге жарқын және кемел келешекке қатар қадам басуға ниетті, – деді Корея Президенті.

Келіссөз барысында энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі, қаржы секторы, білім беру, денсаулық сақтау, фармацевтика, туризм, мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ықпалдастықтың перспективалары талқыланды.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды және конструктивті келіссөз жүргізгені үшін корей тарапына ризашылық білдірді.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Корея Республикасының Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<