«Сақ стиліндегі» банкнота: Күзде жаңа 10 000 теңгеліктер жаппай таралады

289

0

Фото: ашық дереккөз

ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департменті жобасының бас дизайнер-маманы Санжар Нұрқасымов «Сақ стилі» жаңа сериясынан номиналы 10 000 теңгелік банкноталар адамдардың қолына қашан тиетінін нақтылады.

Бұл «Сақ стилі» жаңа сериясынан екінші банкнота. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

«Бұл жаңа банкноталар күзге қарай жаппай таралады. Алдағы күндері айналымға шыққаннан кейін, екінші деңгейдегі банктер оны адаптацияға алады. Яғни бүкіл кассалық техника, банкоматтар мен терминалдар жаңа ақшаға қатысты тиісті бейімдеуден өткеннен кейін, шамамен қыркүйек айында ел халқының қолына тиеді. Жалпы, жаппай таралым бойынша Ұлттық банк ресми жариялайды», – деді С. Нұрқасымов.

Атап айтқанда, номиналы 10 000 теңгелік жаңа банкноталар 2024 жылғы 28 маусымнан бастап айналымға енеді және айналымда жүрген 2012 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) екі жыл бойы ауыстырылады.

Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнота екі жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2024 жылдың 28 маусымнан 2026 жылдың 28 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<