Бүгін «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бар мейірім – балаларға» атты оқу-жаттығу жиыны өтті. Балаларды суға түсу маусымында қауіпсіздік ережелерімен таныстыру, жазғы демалысты дұрыс жоспарлау, демалыс уақытында өзін-өзі дамытуға машықтандыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінен, облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясынан және облыстық тері-венерология диспансерінен арнайы мамандар қатысып, ақпараттық-түсіндірме, кеңес беру, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, қаладағы Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің, Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектебі және №176, №257 орта мектептерінің 100-ге жуық оқушылары мен ата-аналарға жаз мезгілінде тыйым салынған аймақта шомылмау, алғашқы көмек беру тәртібі, су айдынындағы қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, практикалық негізде оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Қызылорда облыстық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Р.Сәдірқожаев суға кеткен адамға алғашқы көмек көрсетуді рет-ретімен көрсетсе, облыстық төтенше жағдайлар департаменті сүңгуір құтқару бөлімінің басшысы Р.Абдикалыков оқушыларға құтқару жилетін дұрыс киюді тәжірибе жүзінде көрсетіп, суға түсу тәртібімен бөлісті. Қаладағы суға түсуге рұқсат етілген және рұқсат етілмеген су айдындарын айтып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің маманы А.Алдабергенова тері ауруларының түрлеріне жан-жақты сипаттама беріп, тері ауруларының алдын алу, сақтану жолдарын айтып өтті.
«Бар мейірім – балаларға». Расында, адам өмірінің жалғасы, өмірдің мәні болар жас буынды қауіп-қатерден сақтап, көздің қарашығындай қорғау – біздің міндетіміз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<