Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаиннің айтуынша, сең қозғалысы «Қызылорда» торабынан 178 шақырым жоғары Шиелі ауданы аумағындағы «Көлекбаз» учаскесі тұсында.
– Бүгінгі күнге «Шардара» су қоймасы арқылы өзеннің төменгі ағысына секундына 200 текше метр су жіберілсе, оның 100 текше метрін «Көксарай» су реттегіші алып отыр. Төменгі ағысқа 100 текше метр су босатылуда. Осы қыста өзен арнасында мұз Арал ауданынан бастап, Жаңақорған ауданы аумағына дейін толықтай ұстасқан болатын. Жылы ауа райының қалыптасуына байланысты 7 ақпаннан бастап дария бетіндегі сең сөгіле бастады, – деді облыстық басқарма басшысы.
Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс бойынша су басу аймақтары анықталып, оған 402 бірлік арнайы техникасы бар 1 178 адам (130 ұйым) бекітілген. Оған қоса, 68,6 тонна жанар-жағармай, 154 590 дана қап және басқа да материалдар қоры жасақталған. Мұз жару жұмыстарына мамандандырылған «KazDrillingCompany» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 1 тікұшағы, халықты көшіруге 84 жинақтау және 103 қабылдау эвакуациялық пункттері дайындыққа келтірілген. Облыс аумағындағы азаматтық қорғаудың барлық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, бұл жұмыстар су тасқыны кезеңі аяқталғанға дейін жалғаспақ. Ал, қазіргі таңда облыстың су шаруашылығы жағдайы қалыпты, бақылауға алынған.
Жиында аймақ басшысы бақылауды босаңсытпауға тапсырма берді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<