Сараптама орталығының серпінді қызметі

1160

0

Ұлттық сараптама ор­талығының облыстық филиалы тұрғын­дардың сани­тарлық-эпиде­миоло­гиялық салауатты­лығын сақтауда ғасырға жуық қызмет етіп келеді.

Филиалдың аккредиттелген жеті ау­дан­дық бөлімшесі бар. Оларда бактериологиялық, вирусологиялық, аса қауіпті инфекциялар, санитарлық-гигиеналық, жоғары тех­ноло­гиялық зерттеулер зертханасы, дезинфекциялау және зооэнтомологиялық бөлім­дер жұмыс істейді. Аталған зертханалар мен бөлімдерде облыс бойынша 260 маман еңбек етеді.


– Біздің негізгі бағы­ты­мыз, басты қызметіміз – мемлекеттік тапсырыс аясында және ақылы негізде қоршаған орта фактор­ларына санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу, жұқпалы, пара­зитарлық аурулардың алдын алу, инструменталдық өлшем­дер жүргізу, жұмыс орындарын аттестаттау. Конго-Қырым қанды безгегінің алдын алуда профилактикалық залалсыздандыру жұмыстары мен ауру ошақтарында дезинфекция, дератизация, дезинсекция жұмыстарын жүргізу. Бұл қызметтер халықаралық стандартарға сәйкес аккредиттеуден өткен біздің зертханаларымызда атқарылады. Іс­тің тетігі білікті маманға байланыс­ты екені белгілі. Бұл орайда мамандар біліктілігін арттыру жүйелі жолға қойылған. Мамандарымыз алыс және жақын шет елдерде біліктілік курстарынан өтеді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға да баса көңіл аударылады. Зертханалар мен бөлімдеріміз заманауи құрал-жабдықтармен жарақ­талған, – дейді филиал директоры ­Фарида Қалиева.


Әлемді әлекке салған коронавирус індеті қоғамның өзге салалары секілді сараптама орталығы қызметіне де өз әсерін тигізгені белгілі. Пандемия кезіндегі қиын жағдайда филиал мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп, дертпен күресуде бар күштерін салды.


– Пандемия кезінде, қазірдің өзін­де кеселмен күресте біздің мамандарымыз да аянбай еңбек етуде. Былтыр COVID-19 инфекциясын ПТР әді­сімен анықтауға қосымша 17 маман тартылып, 20 маманнан тұратын call-орталық ұйымдастырылды. Мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеді, – деп атап өтті директор.


Әсіресе, вирусологиялық зерт­хананың жұмыс ауқымы бірнеше есе артты. Өйткені, ауырып жатқандар қатары көп еді. Олардың вирус жұқтырып, жұқтырмағанын анық­тап, нақты диагноз қоятын осы вирусологиялық зертхана.


Жалпы Ұлттық сараптама орта­лығы облыстық филиалының вирусо­логиялық зертханасы 1994 жылдың көктемінде құрылған. Зертхана вирусты гепатиттің барлық түрін, қы­зылша, қызамық, жедел-ішек жұқ­паларын, тұмау, басқа да вирус­ты инфекцияларды анықтаумен айналысады. Мұнда штат бойынша бір дәрігер-вирусолог, 4 зертханашы және меңгеруші жұмыс істейді. Бірақ пандемия кезінде, жоғарыда айтып өткендей, коронавирус инфекциясын ПТР әдісімен анықтауға қосымша мамандар тартылған. Былтыр жыл аяғында вирусологиялық зертхана жаңа ғимаратқа қоныстанып, заманауи құрал-жабдықтармен жарақталды.


– Мәселен, ауа тамшылары ар­қылы жұғатын патогенді агенттер, микроағзалармен жұмыс істеу барысындағы сынамалар, мамандарды және қоршаған ортаны қорғау үшін отандық ІІ класты екі биологиялық бокс сатып алынды. Сонымен бірге 96 анализден нуклеин қышқылын 2 сағатта анықтайтын швейцариялық TEKAN компаниясының автоматты стансасы алынды. Бұл процедураны қолмен жасайтынбыз. Ол кезде 6 сағат кететін. Нақтырақ айтқанда, автоматтандырылған жұмыс стансасы нуклеин қышқылын автоматтық режимде магнитті шарлар негізіндегі технологияны пайдаланып жұмыс істейді. Платформада роботталған екі қол (манипулятор) бар. Бірі зертханалық ыдыстарды ауыстырады, екіншісі – сұйықтықтардың манипуляторы. Бұдан бөлек, дәлдік уақыт режимінде ПТР әдісімен зерттеу жүргізетін сингапурлық заманауи 3 амплификатор бар. Бұл құрал 2 сағатта дайын болатын 384 зерттеуге есептелген. Зертхананың тәуліктік қуаты 1100 зерттеуді құрайды, – дейді зертхана меңгерушісі Гүлжан Досанқызы.


Сатып алынған құрал-жабдықтар ішін­де коронавирус инфекциясын диаг­ностикалауға арналған «КамАЗ» базасындағы жылжымалы мобильді зертханалық кешен де бар. Жылжымалы кешен екі бөліктен тұрады. Бірі ДНК/РНК анықтап, рекреакциялық қоспа дайындап, сынамалар енгізуге арналса, екіншісі – медицина қызмет­керлерінің шаруашылық және тұрғын орны. Жылжымалы зертханалық кешен – шалғайда орналасқан кен орындарына барып, ондағы қызмет­керлерден сынама алуда таптырмас құрал.
Бүгінде вирусологиялық зертхана 4700 тест жүргізуге арналған 47 тест-система жиынтығымен қамтамасыз етілген. Жыл басынан ПТР әдісімен 45000 клиникалық материалдан зерттеу жүргізіліп, оның 1528-і оң нәтиже көрсеткен.


– Біз филиал жұмысын сарала­ған­да вирусологиялық зертхана жұ­мысына ғана айрықша тоқталып отырмыз. Себебі, жағдай белгілі. Дүние жүзін дүрбелеңге салып, адамзатқа қорқыныш қамытын кигізген індет ешкімді аяған жоқ. Әлемнің озық мемлекеттерімен бірге біздің еліміз де төтеннен келген кеселмен барынша күресіп, күрделі кезеңнен шығудың жолдарын қарастырып бақты. Әлі де солай. Бұған қарап, орталықтың өзге бөлімдерінің жұмысы қалыс қалды деуге болмайды. Мәселен, кененің шығуымен бірге ушығатын Конго-Қырым қанды безгегімен, обамен күрес те өз ағымымен атқарылып жатыр. Онымен аса қауіпті инфекциялар зертханасы айналысады. Зертханалар мен бөлімдердің де өздеріне жүктелген міндеттері, қызметтері уақытылы атқарылуда, – деді Фарида Ыдырысқызы.


Күнделікті өмірде еңбектері көзге көрінбейтін сала мамандарының тұр­ғын­дардың санитарлық-эпиде­мио­ло­гиялық салауаттылығын қам­тамасыз етуде еңбегі зор.


Айнұр БАТТАЛОВА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<