Сарбаз бол да, сапқа тұр

731

0

Жасыратыны жоқ, қазір жастардың басым бөлігі әскерге барудан жалтарады. Ащы да болса ақиқаты осы. Оның себеп-салдарын әркім әрқалай түсіндіреді. Ал анығын айтқанда, жауынгер болу жігіттің жігерін жаниды, жауапкершілікке баулиды. Тәуелсіз елдің кез келген азаматы Отан қорғауға қабілетті, өз елінің патриоты болуы тиіс. Мемлекет өр ұландарымен, айбынды әскерімен мықты.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектеп жұмыс істейді. Мақсат – жастарды әскери өмірге бейімдеу. Мұнда білім алған жастар әскери өмірдің алғышартын толық меңгереді десе болғандай.

Әскери-техникалық мектептің құрылғанына биыл он жыл. Міне, осы уақыттан бері аталған мектеп жастарды Отан қорғауға даярлауда. Анығын айтқанда, шақырылушылар мен резервті даярлауға айтарлықтай үлес қосып келеді. Оқу үрдісінде заманауи әдістер мен технологиялар қолданылады. Бұл өз кезегінде педагогтердің жоғары кәсіби құрам даярлауына ықпал етіп келеді.

Қызылорда қаласындағы аталған оқу ордасына барып, әскери мектептің тыныс-тіршілігімен таныстық.

Мектеп директорының әскери патриоттық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайраддин Баймаханов атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.  

– Мұнда жастар жоспарға сай тиісті жауынгерлік даярлығын шыңдап, әскери тәртіпке төселеді. Сарбаздар әскери ант қабылдау рәсіміне дейін екі мәрте қарудан оқ атып тәжірибеден өтеді. Тактикалық дайындық пен қаруды қалай қолдануды меңгереді. Қырық күн ішінде барлығын толық игеру әрине қиын. Әскери-техникалық мектепте сарбаздар аз уақыт ішінде теориялық сабақтарды оқып, тәжірибелерін жетілдіре түседі. Мұнда алдағы уақытта да Отанға адал қызмет ететін мамандарды қабылдау жалғасады. Кейінгі жылдары бітіруші түлектердің арасынан Қарулы Күштерге қызмет ететін азаматтар саны артқаны байқалады, – дейді мектеп директорының орынбасары.

– Қызылорда қаласының әскери-техникалық мектебінің сарбазы атанғаныма қуаныштымын. Осы мектепте біраз сабақтар өткізілді. Қарсыласпен бетпе-бет келгенде, қарусыз және қоршауда қалған жағдайда неше түрлі қойын-қолтық жекпе-жек өнерін үйренуге тырыстық. Меніңше, әрбір жігіт Отан алдындағы борышын өтеу қажет. Ұстаздарға алғыс айтамын. Аз ғана уақытта көптеген іс-тәжірибе үйрендік, – дейді әскери-техникалық мектеп түлегі Санжар Кеңес.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<