Сарбаздар ант қабылдады

415

0

Антқа адал, сертке берік болу әр сарбаздың міндеті. Қызылордадағы Ұлттық Ұлан «Оңтүстік»  өңірлік қол­­басшылығы 55/47 әскери бөлі­­мінің сарбаздары ант қабылдады. Еліміздің әр өңірінен іріктеліп шақы­рылған 140 сарбаз Отан алдында адал болуға серт берді.

Мәңгілік алау алаңында сап түзеп тұрған сарбаздар бір айдың ішінде сәлемдесуден бастап әскери тәртіптің әліппесін толық меңгеріп шықты. Ел қорғандары атану үшін темірдей тәртіпке бағынуға, әскери жаттығулардың қыр-сырын үйренуге толық дайын екендіктерін көрсетті. Олар жауынгер сапына алынуы үшін алдымен дәстүрге сай Отан алдындағы борыштарын адал атқаруға ант берді.

Салтанатты шара барысында №55/47 әскери бөлімнің командирі Мақсат Қырғызбаев  жас сарбаздарға жігер сыйлап, атаулы күнмен құттықтады.

– Сіздердің қызметтеріңіз – әрбір қазақстандық отбасының тыныштығы мен ертеңгі күнге деген сенімділігінің кепілі. Бұл жерде нағыз жауынгер болып шыңдаласыздар. Отанды риясыз сүю дәл осы жерден бастау алады, – деді.

Бұл әскери бөлімде сайдың тасындай іріктелген сарбаздар сертке берік болу қажеттігін жақсы түсінеді.

– Ұлттық Ұланның сарбазы ретінде, ел мен Елбасы артқан сенімін ақтап, Отан алдындағы парызым мен борышымды адал атқаратыныма бек сенімдімін, – дейді жас сарбаз Азамат Ғабдулин.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<