Бұған дейін айтылғандай, мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылған азаматтарға кредиттік демалыс беру іске асырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықовтың мәлімдемесін ҚазАқпарат хабарлады.
– Бүгінгі таңда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге кредиттік демалыстар ұсыну бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, 2022-2023 жылдары 3,2 млрд теңге көлемінде 20 300 кредиті бар сарбаз анықталды. Бүгінгі таңда 8 800 қарыз бен микрокредит бойынша 5 мыңнан астам әскери қызметшінің 1,4 млрд теңге мөлшеріндегі төлемдері кейінге қалдырылды, – деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қазір Қазақстанда мерзімді әскерге шақырудың күзгі науқаны басталған. Жыл соңына дейін 19 мыңнан аса азамат Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылым қатарын толықтырмақ. Бұл ретте Қорғаныс министрлігі әскерден босату бойынша көмек ұсынатын, ол үшін ақы сұрайтындардан сақ болуға кеңес береді.





