Сатира сардарына құрмет

634

0

Сейсенбіде Жаңақорған ауданындағы М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының құрметті азаматы Нұрмахан Елтайдың 70 жасқа толған мерейтойына арналған «Ауылдың айтқыштары» облыстық сықақшылар байқауы өтті. Бұл шара Жаңақорған ауданының 95 жылдығына орайластырылды. Оны аудан әкімдігі мәдениет және спорт бөлімімен бірлесіп ұйымдастырды.

Салтанатты шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов қарымды қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды. 

– Ағамыз елдің ішінде жүріп, келеңсіздік пен кемшілікті сын садағына түйреді. Қандай қызметте жүрсе де қолынан қаламын тастамай, оқырман қауымға сүбелі шығармаларын ұсынды. Журналистік қызметінде ауданның дамуына көп еңбек сіңірді. Игілікті істерді жария етіп, өткір проблемаларды назардан тыс қалдырған жоқ, – деді аудан әкімінің орынбасары. 

Нұрмахан Елтай 1953 жылы 28 қыркүйекте ауданға қарасты Қандөз ауылында дүниеге келген. Еңбек  жолын «Түркістан» кеңшарында жұмысшы болып бастаған. Кейіннен жастар ұйымының жетекшісі, шаруашылықта және ауыл әкімдігінде басшылық қызметтер атқарды. Аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің «Көк ине», облыстық «Сыр бойы» газетінің «Түрлі-түрлі бастар бар»  сатиралық беттерін жүргізді. Ұзақ жылдар бойы облыстық «Сыр бойы» газетінің Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Бүгінде «Шарайна-Сейхун» газеті арқылы көптеген мәселенің оңды шешілуіне атсалысып келеді. Сатира сардарының қаламынан «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші  дайындаңыздар», «Ауылдағы айтқыштар», «Қияға қонған қыран» секілді кітаптары оқырманға жол тартты. 

Салтанатты шара барысында Нұрмахан Елтайдың «Қандөз – құт мекенім» және «Сұңқарлар биікте самғайды» атты жаңа кітаптары оқырман көзайымына айналды. Сондай-ақ, мәдениет үйінің фойесінде аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қазақ журналистикасының қайраткері» атты кітап көрмесі кеңінен таныстырылды. Онда қаламгердің кітаптары, шығармалары, мақалалары және марапаттары қойылған.

Сықақшылар сайысына Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудандарынан өнерпаздар қатысты. Байқау қорытындысымен бас жүлде жаңақорғандық Балмұхаммед Әбжаппаровқа бұйырды. Ал қазалылық Дәурен Ерназаров бірінші орын алса, жаңақорғандық Тоқтар Әжімұрат екінші орынға ие болды. Қармақшылық Ғалымжан Шакизада мен Шиеліден келген Айнұр Ысқақова үздік үштіктен көрінді.

Мәдени шарадан кейін еңбек ардагері Мадияр Ахметов қаламгер жайында ой бөлісіп, өз ұсынысын жеткізді.

– Мәдени шарада ерекше көңіл-күйге бөлендік. Мен Нұрмахан Елтайды елу жылға жуық уақыттан бері білемін. Ол кісі қай кезде де белсенділігімен көзге түсіп, елдің, халықтың мәселесін көтерді. Атқарған жұмысы көпшіліктің көз алдында. Шаруашылықтағы, шығармашылықтағы қызметінде ауданның дамуына сүбелі үлес қосқанын айта кеткеніміз орынды болады. Сондықтан Нұрмахан Елтайға «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атағын беру лайық деп санаймын, – деді ол.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<