Сатирик Қазыбек Әшірбекұлы 75 жаста

2927

0

Биыл сатирик, ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері, Қызылорда облысы Полиция департаментінің ардагері Қазыбек Әшірбекұлы 75 жаста. Белгілі қаламгер мерейтойына орай «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде рухани кездесу өтті.

Кездесуде «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың мерейтой иесіне арнайы Алғыс хатын тапсырып, дәстүрге сай шапан жапты.

– Құрметті Қазыбек Әшірбекұлы! Сізді мерейлі 75 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! 20 жылдан астам уақыт Қызылорда облысында ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарып, қоғам тыныштығын сақтауға елеулі үлес қостыңыз. Құқық қорғаушы ретінде абыройлы еңбек етіп қана қоймай, қаламгерлік қырыңызды да халыққа таныта білдіңіз. Әзіл-оспақ, сын-сықақ материалдарыңыз республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Халық», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде, «Ара», «Әлімсақ» журналдарында және басқа да басылымдарда үзбей жарық көріп тұрды. Көз майыңызды тауысып жазған «Күлкі керуен», «Жебе», «Ұрт пен жұрт» кітаптарыңыз бүгінде оқырманның олжасына айналды. Еңбегіңіз еленіп, талай марапатқа ие болдыңыз. Сыр өңірінің саяси-қоғамдық өміріне де белсене араласып келесіз. Сізді осынау мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық шабыт, отбасыңызға құт-береке тілеймін! – делінген алғыс хатта.

Сатирик Қазыбек Әшірбекұлы 75 жаста

Облыс әкімінің марапатына қаламгерлер қауымы алғыс білдірді. Кездесуде ардагер журналист, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Жолдасбек Ақсақалов мерейтой иесі Қазыбек Әшірбекұлының шығармашылық жолы туралы естеліктер келтірді. Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбет мерейтой иесіне тілектестік білдірді.

Қазыбек Әшірбекұлы – аймақтағы алғашқы тәуелсіз басылым «Ақмешіт апталығы» газетінде қызмет атқарған кезінде де өмірдің көлеңкесі мен күнгейін көкейге түйіп, кемшілікті қалам қуатымен қағаз бетінде сынап, көпшілікке ой тастаған қаламгер. Осы ретте кездесуде қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков Қазыбек Әшірбекұлының басылым тарихында алар орны туралы айтты.

Өз кезегінде мерейтой иесі облыс әкімінің арнайы марапаты мен шығармашылық ұжым ықыласына алғыс білідірді. Сондай-ақ, сақшылық қызмет пен сатиралық өнерді қатар алып жүрген қаламгер өз болмысынан сыр ақтаратын «Өткен шаққа саяхат» атты өлеңін оқып берді.

Сатирик Қазыбек Әшірбекұлы 75 жаста

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<