Сауабы мол сөз

6

0

Ұстаз Алмас Алматов жайлы айтсақ, арғы тегі мен ата-анасы туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Қандай да бір басқосу болмасын, Алмас ағамыз ата-бабасының тарихына бір тоқталмай өтпейді.

Кешегі қазақ үшін қиын-қыстау за­­манда бүтін бір ауылды діншіл деп та­ныған белсенділер алақұйын әре­кетімен әй-шәйға қаратпай қырып сал­ған екен. Шолақ бел­сенділер ойына кел­ген ылаңды салғанын естігенде қай­­ран жүрек дүр­сілін баса алмай қа­лады… Міне, осы дүрбелең кезеңде Ал­мат қожаның то­ғыз баласынан Нұр­ма­хан ғана түрлі қақтығыс-соқ­ты­ғыстың арасынан ар­палысып, құ­дай сақтап аман қалады. Алмас аға­мыз осы жайттар жайлы қыс­қаша айт­қан­ның өзінде бір нүктеге ұзақтау қарап, көзінің жиектері қызара сөзін жалғас­тырады.

Жылдар өте Нұрмахан қожа Төлеу апамызбен бас қосады. Ол кісі атақты Төремұрат палуанның қызы болатын. Алмас ағамыз нағашылары жайлы айт­­қан уақытта жан-жақты тарихпен өре әңгімелеп, еріксіз басқа әлемге ен­гізіп жібереді. Нұрмахан қожа мен Төлеу апамыздан Серік, Алмасбек, Бо­латбек, Оразбек, Шырынкүл атты ұл-қыздар өрбіп, өніп-өседі. Төлеу апа көкірегі көм­бе, қазына кісі ғой, әкесі Алмас­жан­нан үлкен үміт күтетінін үнемі айтып отырады екен.

Бір күні бала Алмас сабағына да­йындалып жатып, сол кездегі мектеп берген кітаптардан жаттаған: «Ленин – ата, біз – ұлан, Сенен туған шат кө­ңіл. Сенің нұрлы шұғылаң – бізге әперген жақсы өмір» деген тақпақты айтып берген сәтте, әкесі Нұрмахан шамалы кідіріп, «Шырағым, бұның орнына са­уабы мол өлең жаттау керек қой» дейді. Бала Алмас «Сонда бұл қандай өлең?» деген ойда қалады. 

«Ата балаға сыншы» деген, әке­сі баласының өлең жаттауға тала­бы бар екенін сол кезде байқап жүр­ген екен. Өздерін қырып салған солақай сая­саттың ырқына ермей, қазақтың ескіден келе жатқан ақын-жырау­ла­рының өлең, жыр-қиссаларын жат­тағанын жөн көр­ген екен ғой, жа­рық­тық. Көп ұзамай ұлын Олжа­бай жы­рауға әкеліп, «Сауабы мол сөзде­ріңізден біздің Алмасжанға берсеңіз» деп қолқа салады. Сол күннен бастап Алмас ағамыз сауабы мол сөзге ден қойып, сүлейлер сүрлеуіне түскен еді.

Алмас ағамыздың жы­раулық өнер­ге келуінің өзі Жарат­қан­ның жарыл­қауы, ата-анасының қа­лауы деп түсі­немін. Ізінен шә­кірт болып еруі­ме мар­құм әкем Орын­бек Шәріпұлы мен анам Тұрды Құдай­бер­генқызы ық­пал етті. Бір ауылдан шыққан Шәріп ата­мыз бен Дәріш әжеміз Нұрмахан қожа атамызбен, Тө­леу әжемізбен за­ман­дас, сыйлас жан­дар болған. Одан өр­біген Алмас аға­мыздың ұлдары Дәулет, Бағдат, Шах­мардан, Зейнолла, Ғай­нолла іні­ле­­ріміз – ізгілігі мол, өнегелі, өсіп-өнген әулеттің жалғасы.

Алмас ағаймен әріптес болып, Қор­­қыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетінде «Дәстүрлі өнер – жыр» кафедрасында Жұмабек Аққұлов, Аман­­дық Бүрлібаев, Шолпан Биім­бет­­ова, Руслан Ахметов, Ақмарал Но­ғай­­баева сынды өнер өкілдері бірге қызмет еттік. Керемет уақыт еді. Жұ­мыстан шығып Төле би көшесімен ағайдың үй жағына жаяу қайтамыз. Үйге келгесін кішкентай Зейнолла мен Ғайнолла маған еркелеп, тәтті алуға аз-маз тиын-тебен сұрайды. Бір күні былай дедім: «Егер терме жаттасаңдар, ақша беремін». Сол-ақ екен екі-үш күн өте түсте ағаймен үйге келсек, екеуі жарыса Базар жыраудың толғау-тер­мелерін төгілдіріп бара жа­тыр. Мен қарыз боп қалмайын деп, жаттаған жыр жолдарына алдын ала келіскен пұ­лымды төледім. Сонда Ал­мас ағай: «Кезінде әкем «сауабы мол сөз» деп маған осы өлеңдерді жат­татып еді, Серікжан. Бұл әдісті ба­ла­ларға жақсы қолдандың» деп риза­шылығын білдірді.

Мерейтойы қарсаңында жырауға Мемлекет басшысы ІІІ дәрежелі «Ба­рыс» орденін табыстағаны ұлттық өнер­дің көш басында жүрген ағамызға берілген лайықты баға деп білеміз. Одан қалды, ел-жұрттың ыстық ықы­ласының көрінісі. Дәстүрлі өнер жо­лында қаншама шәкірт тәрбиелеп, даң­­ғыл жол ашып берген Алмасбек Нұр­­маханұлындай ұстаздың салиқалы сөзі, саңлақ өнері тарихта қалды.

Серік ЖАҚСЫҒҰЛОВ,

Мәдениет саласының үздігі