Сауал – депутаттан, жауап – үкіметтен

831

0

Осы жылдың 25 қыркүйегінде Сенаттың пленарлық отырысында сенаторлар Руслан Рүстемов, Нұртөре Жүсіп, Наурызбай Байқадамов ҚР Премьер-министрінің атына Қызылорда облысының аумағында егін шаруашылығын тұрақты дамыту және осы саладағы проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыным қамтылған депутаттық сауал жолдаған болатын. Оның мәтіні 29 қыркүйекте «Сыр бойы» газетінде жарияланды.

Депутаттық сауалға Премьер-министрдің атынан келген жауап хаттың толық мәтіні оқырман назарына ұсынылып отыр.

«Құрметті депутаттар!

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (бұдан әрі – институт) қызметіне қатысты депутаттық сауалды қарастырып, төмендегіні хабарлаймын.

Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) аясында мега­жоба дайындау конкурсына қатысты Үкімет аграрлық ғылымды да­мыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыт ауыл шаруа­шылығына арналған ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды кеңейтуге, озық технологияларды енгізуге және ғылыми әзірлеме­лер­ді өндіріс саласына трансферттеуге бағытталған. Аталған шаралар 2030 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасында көзделген және саланың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ аграрлық ғылыми ұйымдардың қызметін жетілдіру де басым бағыттардың бірі болып табылады. Осылайша, 2024-2026 жылдарға арналған БНҚ шеңберінде институт бірқатар ғылыми-техникалық бағдарламаларды, соның ішінде селекция және тұқым шаруашылығы, күріштің генетикалық қорын зерттеу, қант қызылшасының төзімділігі, сондай-ақ мал азықтық дақылдарды өсіру технологияларын әзірлеу жобаларын іске асыруда.

Бұдан бөлек, 2024-2026 жылдарға арналған гранттық қаржы­ландыру аясында институт «Қызылорда облысының өсімдік шаруа­шылығын әртараптандыру жағдайында мал азықтық дақылдардың сорттық технологиясын әзірлеу» бағдарламасының орындаушысы болып табылады.

Арал өңірінің аграрлық және экологиялық тұрақтылығын дамыту бойынша мегажобаны іске асыруға арналған ғылыми-техникалық тапсырманы қалыптастыру және конкурс жариялау мәселесі республикалық бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып қарастырылатын болады.

Қазіргі уақытта АӨК саласындағы уәкілетті орган 2027-2029 жылдарға арналған ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалып­тастыру бойынша жұмыс жүргізуде, онда институттың ұсыныстары ескеріліп, күріш шаруашылығын дамытуға арналған міндеттер мен тиісті қаржыландыру көлемі көзделетін болады.

Институттың материалдық-техникалық базасын жаңғырту жөнін­дегі инвестициялық жобаны қаржыландыруға қатысты 2024-2026 жылдарға арналған селекция және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде институттың материалдық-техникалық базасын жаңғырту бойынша мемлекеттік инвестициялық жоба әзірленген. Аталған жоба бойынша 2024 жылғы желтоқсанда қаржылық-экономикалық негіздемеге оң қорытынды алынған.

Сонымен қатар жоба бекітілген кезде 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданып қойғандықтан, тиісті шығыстар көзделмеген. Ағымдағы жылы бюджетке нақтылау жүргізілген жоқ.

Қазіргі уақытта Парламент қарауында тұрған 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ еншілес ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 16,8 млрд теңге көзделген, оның ішінде 4,1 млрд теңге институттың қызметін жетілдіруге бағытталмақ.

БНҚ жобаларын іске асыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту мәселесіне қатысты «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға арналған шарттар бес жылға дейінгі мерзімге жасалуы мүмкін. Осылайша, қолданыстағы БНҚ ережелері жобаларды бес жылға дейін іске асыруға мүмкіндік береді.

Алайда Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар лимиттері республикалық бюджетті қалыптастыру аясында үш жылдық кезеңге бекітіледі. Осыған байланысты ғылыми ұйымдармен шарттар үш жылдан аспайтын мерзімге ғана жасалуы мүмкін.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, БНҚ жобаларының іске асыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту қазіргі уақытта бюджеттік заңнамада белгіленген шектеулерге байланысты мүмкін емес.

Су ресурстары және топырақтың тозуының алдын алу мәселелері бойынша ғылыми зерттеулерді қолдауға қатысты 2024-2026 жылдарға арналған БНҚ аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану, мелиорацияның тиімділігін арттыру және топырақ құнарлылығын сақтау бойынша ғылыми жобалар да қаржыландырылады.

2027-2029 жылдарға арналған ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру кезінде су үнемдеу және суармалы егіншілік тақырыбындағы ғылыми ұйымдардың, оның ішінде институттың ұсыныстары ескерілетін болады.

Үкімет өз кезегінде су пайдаланудың тиімділігін арттыруға ба­ғытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруда, оның ішінде су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалған шығындардың 80%-на дейінгі мөлшерде инвестициялық субсидиялар мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне су беру қызметтері құнының бір бөлігін субсидиялау қарастырылған.

Сондай-ақ суару суларын пайдалану қағидалары бекітілді, онда рұқсатсыз су алу үшін екі еселенген төлем мөлшерлемесі көзделген.

Су пайдалануды бақылауды күшейту мақсатында мониторингтік топтар құрылды, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің функциялары кеңейтілді, инспекциялардың саны артты және су заңнамасының сақталуын бақылау бойынша өңірлік бөлімшелер ашылды.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске су ресурстарын пайдалану саласындағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілді. Су объектілерін заңсыз иелену, су пайдалану құқығын қайта беру, суды мақсатсыз пайдалану, лимиттерден асып кету және арнайы су пайдалану шарттарын бұзу үшін 200-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұлдар көзделген.

Топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында 2024-2030 жылдарға арналған топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі жол картасы қабылданды. Онда жердің жағдайына кешенді талдау жүргізу және эрозия мен шөлейттенуге қарсы іс-шараларды іске асыру көзделген.

Осыған сәйкес 17 облыста жердің тозуымен күрес жөніндегі өңірлік жол карталары бекітілген.

Қызылорда облысының өңірлік жол картасына сәйкес 2030 жылға дейін 59 мың гектар эрозияға ұшыраған жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр, оның ішінде 2,9 мың гектар су эрозиясына, 56,1 мың гектар жел эрозиясына ұшыраған жер.

2025-2028 жылдары 32,2 мың гектар аумақта деградацияға ұшыраған жерлердің карталары жасалып, олардың иелері айқындалатын болады.

Анықтама: барлығы 119 учаске анықталған, оның ішінде 2025 жылы – 16, 2026 жылы – 22, 2027 жылы – 34, 2028 жылы 47 учаске.

Эрозияға ұшыраған жерлердің бір бөлігі мемлекеттік жер қорында, бір бөлігі жеке жер пайдаланушылардың иелігінде болғандықтан, жергілікті атқарушы органдар деградацияның алдын алу және жерді қалпына келтіру шараларын іске асыру бойынша шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы алғанда аграрлық өндіріс тәжірибесіне ғылыми әзірлемелерді енгізу мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында».