Кешеден бері Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жанжалды, жаппай төбелесті естіп, көріп қабырғамыз қайысып отыр. Бүгін еліміздің министрі осы жанжалдан 8 адамның қайтыс болып, 40-тан астамы жарақаттанғанын мәлімдеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жиын өткізіп, тұрғындар арасындағы кішігірім түсініспеушілікті арандатушылар өз мақсатына пайдаланып, үлкен дүрбелеңге ұластырғанын жеткізді. Министрлер мен жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар беріп, қайтыс болғандар мен жапа шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды.
Бұл жағдайға бүкіл ел болып алаңдап отырмыз. Шынын айтқанда, бұл – елдігімізге сын. Себебі, қазақ – о бастан бауырмал, әділдікті жақтаған, ардан аттамаған халық емес пе еді?!
Біреуге қол көтермек түгілі, ешкімге зәбір көрсетпеген, қиын-қыстау кезеңдерде талай ұлт пен ұлысты бауырына басып, бір үзім нанын бөліп берген, баршаға қамқор болған адамдығымыз аяққа тапталмауы керек. Мәселенің анық-қанығын білместен, дауға араласпақ тұрмақ, жанжалдасқандарды бітімге шақырып, татуластырған данышпан халықпыз.
Сондықтан, еліміздің тұрғындарын ортақ ымыраға, ауызбіршілікке, береке-бірлікке, татулыққа шақырамын. Арандатушылардың ойлағаны біреу ғана. Біздің бірлігімізге, татулығымызға сызат түсіргісі келеді. Алауыздықтан ештеңе ұтпаймыз. Қайта ұтыламыз. Отбасы отағасыз, бала әкесіз, әйел жарынан, асыраушысынан айрылғаны, оны былай қойғанда, еліміздің татулығына сына қағылғаны дұрыс емес, бауырларым. Бұл – жақсылыққа апармайды.
Баршаңызды сабырға, ынтымақ-бірлікке, ақылмен іс қылуға шақырамын!
Қазақтығымызды, азаттығымызды сақтайық!
Сайлаубай ӘБІШЕВ,
Қызылорда қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<