Сейсмикалық оқу-жаттығу сәтті өтті

394

0

Жыл басында Алматыда болған жер сілкінісі ел есінен ұмытыла қойған жоқ. Ондағы тұрғындардың көбі үрейленіп қалғаны жасырын емес. Көп ұзамай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауаптыларға сейсмикалық қауіпсіздікті мықтап қолға алуды тапсырған болатын. Бұл орайда Қызылорда қаласында да оқу-жаттығу жиындары өткізілгенін айта кеткен жөн.

Әзірліктің қандай деңгейде екенін облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғафур Ақмырзаев өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндады.

Жалпы осы тектес дайындық жұмыстары республика көлемінде іске асуда. Мамандар барлық қауіпсіздік жүйелерін мұқият тексеріп, төтенше жағдай кезінде халықтың қандай іс-әрекетке баратынын бағамдап жатыр. Эвакуация жұмыстарында құтқарушылар маңызды рөл атқарады. Соған сай олардың да дайындығы тексерілуде.

– Қызылорда қаласындағы сейсмикалық оқу-жаттығуға 47 мекемеге қарасты 28 579 адам қатысты. Мектеп оқушылары да әзірліктен өтті. Ең басты мақсат – халықтың негізсіз дүрбелең тудыруына жол бермей, қауіпсіздік ережелерін толық түсіндіру. Тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желілерде 26 хабарлама таратылып, құтқару ісінің мамандары телеарналарға 2 рет сұхбат берді. Оқу-жаттығу кезінде 43 қуаттандыру жүйесі мен 79 дабыл құрылғысы іске қосылып, 13 арнаулы техника мен 59 жеке құрам қатысты. Жаттығу сәтті өтті деп айтуға толық негіз бар, – деді Ғ.Ақмырзаев.

Маманның айтуынша, негізі Қызылорда облысы сейсмикалық жағынан қауіпті аймаққа толық еніп тұрған жоқ. Алайда Сейсмология институты елдің оңтүстігіне жақын орналасқан Шиелі мен Жаңақорған аудандарын жер сілкінісі сезілуі мүмкін қауіптілеу аймаққа жатқызған.

Мадияр ТӨЛЕУ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<