Сейсмикалық оқу-жаттығу жиыны

447

0

Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде «Жер-2023» атты сейсмикалық командалық-штабтық оқу- жаттығу жиыны өтті. Шараның мақсаты – жер сілкінісі орын алған жағдайдағы іс-қимыл барысын пысықтау.

Оқу-жаттығу жиыны басталар алдында құлақтандыру жүйесі іске қосылып, құтқару шараларының барлық мүмкіндіктері көрсетілді. 

Апат айтып келмейді. Төтенше табиғи апаттан жергілікті тұрғындар жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілді. Апат салдарынан өрт оқиғасы тіркеліп, құтқару штабы мүшелері жұмылдырылып, өрт дер кезінде ауыздықталды. Сейсмикалық оқу-жаттығу жиынының сценарийі осылай өрбіді.

Құтқару штабының жедел әрекет тобы «төтенше жағдай орын алған жағдайда бұған дайынбыз ба?» деген жұрт көкейіндегі көп сауалға іс-тәжірибе арқылы жауап берді. Жер сілкінісі орын алған аумақта төтеншеліктер шұғыл әрекет етіп, зардап шеккен тұрғындарды қаланың өзге жерлеріне эвакуациялады.

«Жер-2023» РКШЖ екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңде жер сілкінісі қаупі бар жағдайда функциялық міндеттерді орындау, азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің іс-қимыл жоспарларын нақтылау. Екінші кезеңде төтенше жағдай аймағына күштер топтамасын жеткізуді ұйымдастыру. Дүлей зілзала аумағында авариялық құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу аясында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі бөлімшелерін басқару.

Еліміз бойынша өтіп жатқан оқу-жаттығу шарасы осылайша Сыр өңірінде өз деңгейінде ұйымдастырылды. Штабтың жұмысы мен әрекетін облыстық төтенше жағдайлар департамент бастығының орынбасары, полковник Бекболат Әбдіқадыров бақылап отырды.

– Бүгінгі оқу-жаттығу жиынына 1600 адам жұмылдырылып, 360 техника тартылды. Сонымен қатар 120 азаматтық қорғау қызметкері қатыстырылды. Қазір жедел топ және шұғыл күштер белгіленген пунктке келіп, барлау жүргізіп жатыр. Олар жағдайды бағамдап, қанша күш керек екенін есептеп береді. Құрылған жедел топ көмекті жедел жеткізудің жолын қарастырып, одан әрі апаттық құтқару жұмыстарына кіріседі, – деп түсіндірді штаб бастығы Бекболат Әбдіқадыров.

Жиын соңында командалық штаб бастығы зілзала зардабын жоюға арналған құрылымдарды бағамдап, жауаптыларға бірқатар міндеттеме жүктеді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<