Сексеуіл – қорған, әйтсе де оны балталап жүргендер де баршылық

1265

0

Бізде орман алқаптарын қорғайтын 8 мекеме бар. Ондағы қызмет атқаратын орманшылардың міндеті – өңірдегі орман мен тоғайлы жерлердегі қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, өсіру.

Аралдың тартылуы облыстағы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, суы құрғаған аймақтан ұшқан құмды дауылдың ұзындығы 400, көлденеңнен 40 шақырымды алады екен. Ал радиусі – 300 шақырым. Бұл – тартылған теңіздің мәселесі жалғыз Қазақстан емес, бүкіл әлемге қауіп төндіруде деген сөз. Осының салдарынан жыл сайын 75 млн тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның өзі Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр.

Иә, мамандардың есебінше, теңіздің құрғаған ұлтаны – 4,5 млн гектар. Осынша гектардың 2,2 миллионы Қазақстан аумағында деп көрсетілген. Аз жер емес. Құрғақ аймақтың тұз басып, шөлейт жер аумағын көбейткені былай тұрсын, ондағы тіршілік иелеріне жағымсыз әсерін айтсаңызшы! Жануарлар мен өсімдіктердің көбеюіне қарсы мұндай факторларға бірден-бір амал не болар екен?!

Адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апат салдарынан жерді тұз басып, шөлейтті жер аумағының көлемі көбейіп, адамзат денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп өсуіне кері әсерін тигізіп отырғандығын жоғарыда айттық. Бүгінде табиғатты ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтайтын бірден-бір амал теңіз ұлтанына сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктерді егу екенін кейінгі 20-25 жылдың тәжірибесі дәлелдеп отыр.

– Теңіздің құрғап қалған ұлтанындағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату, экологиялық ахуалды жақсартуда біраз жұмыс атқарылды. Аралдың деңгейі  1968-1990 жылдар аралығында негізгі жер жағалауынан 100-150 шақырымға дейін қайтқаны белгілі. Бұрынғы су жатқан ұлтаны жалаңаштанып, тұзды шаң мен құм пайда болды. 1991 жылы «Арал консорциумы» деген үлкен бірлестік құрылып, құрғаған ұлтанды орманға айналдыруға өңірдегі орманшылар жұмылдырылған. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және молайту» бағдарламасына сәйкес Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2003-2013 жылдар аралығында теңіз ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызып қана қоймай, оның тұқымын себу жұмыстары жүргізілді, – дейді Арал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болат Бисенбаев.

Сәл шегініс жасасақ. Арал табанына сексеуіл отырғызу өткен ғасырдың 80-жылдары ортасында Қазақ орман ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жобасы бойынша басталып, 1993 жылға дейін жұмыстар жүрген еді. Сол уақытта 54 мың гектардан аса құрғаған ұлтанға облыстағы барлық орман мекемелерінің күшімен сексеуіл, сарысазан, жыңғыл егілген. Міне, содан 20,7 мың гектар сексеуіл, 11,7 мың гектар сарысазан, 1,5 мың гектар жыңғыл табиғи көбею деңгейіне жеткен.

2008-2014 жылдары Қазақстан мен дүниежүзілік банкі және ғаламдық экологиялық қоры арқылы қаржыландырылған «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасымен теңіздің құрғаған ұлтанында 56,5 мың гектар жерге сексеуіл егіліпті. Сонымен қатар, Корея Республикасының орман қызметінің қолдауымен «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы іске асып, 13 мың гектардан астам жерге 5 млн сексеуіл көшеті отырғызылды. Ал халықаралық Аралды құтқару қорының зерттеуі бойынша осы уақытқа дейін теңіздің Қазақстан жақ бөлігіндегі 337 мың гектардай жерге шөлге төзімді көшет отырғызылып, тұқымы себілген. Дегенмен мамандар Қазақстан бөлігінде атқарылып жатқан жұмыстар Аралдың ұлтанындағы ұшқан шаң мен тозаңды тоқтатуда жеткіліксіз екенін айтады.

– Өздеріңізге белгілі, әлемдік қауымдастық Аралдың жоғалуын адамзат тарихындағы үлкен экологиялық дағдарыс деп бағалады. Бұл жерде бір амал, қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтау үшін теңіз ұлтанына сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктер көптеп отырғызылуы тиіс. Мамандар тәжірибесі осыны дәлелдеп отыр. Бір қызық дерек, сексеуілдің бір түбі 10-нан 100 тоннаға дейін құмды бөгеп, ұстай алады. Кейінгі 5 жылда орман көлемін арттыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, орман қорын 55 мың гектарға арттыру жұмысы жүргізіліп, оның 26 мың гектардан астамы теңіз ұлтанына егілді, – дейді Б.Бисенбаев.

Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 2021-2025 жылдар аралығында 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде шаралар кешенін қабылдау туралы тапсырма бар. Соған сәйкес былтыр 101 мың гектар сексеуіл егіліп, 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстарды атқару бойынша шаралар қабылдануда.

Биыл 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстарды іске асыру жоспарланған болатын. Бүгінде 12 мың гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылған. Ал қалған 238 мың гектар жерге егу жұмыстары агротехникалық талаптарға сәйкес күз басталғалы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, осыған қажетті сексеуіл мен өзге да ағаш көшеттерін өсіретін уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда. Оның көлемі 100 гектар. Мұнда 12 түрлі жергілікті жерге жерсіндірілген көшет өсіріледі.

Сексеуілді көптеп отырғызғанмен, оның түбіне балта шауып, жеке бас пайдасына жаратып жүргендер жайлы айтпасқа болмас. Оның үстіне көмiрдiң жетiспеушiлiгi мен қымбаттауы ауылдағы ағайынға ауыр тиді. Сексеуiлдi отын ретiнде қолдана бастадық. Қазір оны ауыл іргесінен емге де таппайсыз. 100 шақырым ұзап барып, кездестіруіңіз мүмкін. Мұнан бөлек, үлкен қалаларда кәуап пісіру орындары көптеп ашылып, сексеуiлге деген сұраныс барынша артқан. Міне, осыдан кейін пайдаға құныққан кейбіреу темір арқанмен (тросс) сексеуілді түп тамырымен қоса жұлып алатын болған. Бұл біздегі орман қорын азайтып тұр.

Мәселені шешу үшін орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 13.08.2015 жылғы №211 бұйрығымен уран кен орындарын қазып шығаратын және мемлекеттік орман қорының құбыр желісі өтетін жерлерде жаппай кесуді қоспағанда, ҚР мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге тыйым салынды. Сонда да біздің аймақтан сексеуіл шауып, заңсыз тасу тоқтамай тұр. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, жыл басынан бері сексеуілге зиян келтіру бойынша 18 дерек тіркелген. Бұған инспекция қызметкерлері хаттама толтырыпты. Жинақталған құжат сотқа жолданып, заң бұзушыларға әкімшілік айыппұлдар салынған.

Орманшылардың еңбегіне тұрарлық әрі олардың жұмыс жағдайын қолдау мақсатында айтар жақсы жаңалық жоқ емес. Былтыр ғана Арал мен Қазалы орманшыларына су жаңа техникалар берілген еді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 2 дана өрт сөндіру автокөлігі, 6 дана ХТЗ тракторы алынды.

Ал биыл орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 5 трактор, 1 вахталық автобус, 6 орман отырғызу агрегаты, 2 өрт сөндіруші машина, 2 патрульдік және бір жанар-жағармай автокөлігі орманшыларға беріліпті. Бұған қосымша бірнеше дала шатыры, байланыс құралдары, 8 электростанция алынған. Жалпы 2022-2024 жылдар аралығында теңіз ұлтанында сексеуіл егуге қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен жыл сайын қаражат бөліп тұрмақ.

Дерек бойынша, облыстағы жер көлемі 226 мың шаршы шақырым болса, бұл Қазақстан аумағының 8,3 процентін құрайды. Ал аймақтағы орман қоры – 7 млн 173 мың 40 гектар. Мамандар осылай дейді. Айтпақшы, мұның өзі үшке бөлінеді. Облыстың тікелей өзіне қарасты мемлекеттік орман мекемелерінің жері 7 млн 9 мың 757 гектар. Ал республикалық «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының жері 163126 гектар болса, «Қазақстан темір жолына» қарасты 125 гектар жер бар.

Қыстың қытымыр аязы мен аптап ыстығына шыдап, әрбір тал-дарақ пен аң-құстың амандығын сақтап, өз жеріндегі экологиялық ахуалды күзеткен орманшыларды бірі білсе, бірі білмейтін де шығар. Жылдан-жылға орман алқаптарын көбейте отырып, біздің табиғат сақшылары экологияға ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлемге де көмектерін көрсетуге атсалысып келеді. Табиғат тұрақтылығын, ондағы байлық пен қорды сақтауда үздіксіз еңбек етіп жүрген олардың еңбегі көзге көрінбесе де, құрметтеуге әбден лайық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<