Сенат төрағасын қабылдады

547

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады.

Президентке жоғарғы палатаның заң шығару қызметі туралы баяндалды. Сенаттың Парламенттегі қызметі басталғаннан бері 21 заң мақұлданып, қабылданған. Оның ішінде еңбек дауларын шешу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрлық активтер, сондай-ақ Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қаралған.

Мәулен Әшімбаевтың мәліметі бойынша қазіргі уақытта Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген маңызды заң жобалары қаралып жатыр. Атап айтқанда, алдағы кезеңде 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды, Әлеуметтік кодексті, сондай-ақ әкімшілік реформа, адам құқықтары және азаптаулардың алдын алу, мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобаларын қарастыру жос­парланып отыр.

Президентке палатаның сот жүйесін реформалау және процессуалды заңнаманы жетілдіру жұмыстары туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Сенатта жұмыс тобы құрылған. Бұл топ 60-тан астам отырыс өткізіп, 350-ге жуық ұсыныс жинаған. Аталған жұмыстың нәтижесінде екі заң жобасы әзірленді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Сенат жұмысындағы өңірлік күн тәртібін нығайтуға, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда кешенді дамыту жөніндегі реформаларды одан әрі қолдауға бағытталған заңнамалық қызметті жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Жаңа еңбек туралы баяндады

Мемлекет басшысы Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты қабылдады.

Кездесуде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Президентке өзінің «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты жаңа еңбегі туралы баяндады.

Оның айтуынша, 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған кезден бері мемлекет атауы Батыс елдерінің озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарынан қалыс қалып көрмеген. Олардың арасында Америка Құрама Штаттары, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия және басқа да мемлекеттерде басылған карталар бар. Аталған еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған. Барлығы – 130 карта. Автор кітаптың Бельгия баспасынан шығуын бельгиялық, нидерландық картографтар Қазақ мемлекеттілігін алғашқылардың бірі болып картаға түсірумен байланыстырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегіне жоғары баға беріп, еліміздің барлық өңірінде және халықаралық іс-шараларда арнайы көрмелер ұйымдастыру қажет екенін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<