Сенаторлар саяси шараның маңызын түсіндіруде

748

0

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы және Ақмарал Әлназарова өңірге арнайы келіп, референдумның маңызын түсіндіру, ақпараттық жұмыстарды жандандыру мақсатында кездесулер өткізді.

Сенат депутаттары Жалағаш ауданы Аққұм ауылында тұрғындармен кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталды. Ата Заңның 33 бабына өзгерістер енгізілетін болады. Басты мақсат – саяси бәсекелестікке, халықтың елді басқаруына жағдай жасау, конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту.

Сенаторлар сонымен қатар Бұқарбай батыр ауылының тұрғындарымен де кездесіп, жалпыхалықтық референдум туралы, оның ішінде Конституцияға енгізілетін өзгерістер және күтілетін нәтижелерді кеңінен түсіндіріп,  көпшіліктің пікірін тыңдады.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары облыс орталығында да бірқатар мекемелерде болып, еңбек ұжымдарымен, белсенді азаматтармен кездесті.

Атап айтқанда, Мұрат Бақтиярұлы  «Қазпошта» АҚ ұжымымен жүздесті. Референдумның мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар, ұлтымыз тағдыршешті сәтте тұрғанда ел Президентінің жанына топтасып, жаңа Қазақстан құру идеясын қолдауға және референдумға белсенді қатысуға шақырды.

– Референдум әр қазақстандыққа жеке таңдау жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдайды. Маңызы сонда, дауыс беру арқылы халық өз болашағын өзі шешеді, – деді сенатор.

Қорқыт ата атындағы университетте де ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы жалпыхалықтық референдумды қолдау бойынша білім саласының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңызы айтылып, қоғамдағы түйіткілді мәселелер кеңінен қозғалды.

–       Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында саяси реформа және экономикалық тұрғыда нақты әрекеттер жүргізілетінін айтты. Осыған сәйкес, Конституциядағы 98 баптың 33-не өзгеріс енгізіледі. Өзгерістерді ел жақсы қабылдап жатыр. Соның ішінде Президенттің 2 реттен артық мерзімге сайланбауы, әкімдерді сайлауда халыққа таңдаудың болуы, мәслихаттарға басымдық берілуі тұрғындарды қуантып отыр. Әрине, Жер кодексі, Тіл туралы заңға қатысты да ұсыныстар көтеріліп жатыр. Алайда бізге Ата Заңымызды қабылдау онан жоғары. Осы бағытта саяси жүйеде үлкен өзгерістер орын алады, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы ғимаратында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова қоғам өміріне белсенді араласып жүрген әйелдермен кездесті. Онда еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар және ел көлемінде өткізілгелі отырған референдумның мән-мағынасы талқыланды, әйелдер қауымына дауыс берудің ережелері мен шарттарын түсіндірді.

Басқосуға қатысқан облыстық штаб мүшелері А.Божанова мен Р.Байназарова референдумның жарқын болашақ пен жаңа өмірге қадам жасайтын маңызды сәт екенін айтып, әйелдер қауымын саяси науқанға белсенді қатысуға үндеді.

Сондай-ақ,  А.Әлназарова  облыстық мүгедектер қоғамы  өкілдерімен де кездесті. Басқосуда сенатор Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы алға қойған мақсаттарын түсіндіріп, бұл өзгерістерді жүзеге асыруда халықтың ішкі бірлігі мықты болу керектігін атап өтті.

Депутат  «Arai City» сауда орталығына келушілермен кездесті. Тұрғындармен жүздесу барысында жерлестеріне конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы жан-жақты түсіндіріп, маңызды сұрақтарға жауап берді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<