Фото: ашық дереккөз
Сырдария өзенінде сең жүріп, еріген мұздықтар Қызылорда қаласы тұсынан кедергісіз өтуде. Сеңнен ешқандай қауіп байқалған жоқ. Дегенмен, мамандар өзен бойындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда облысқа секудына 680 текше метр су келуде. Ал кеше кешкілік облыс орталығындағы Ескі базар тұсында сең қозғалысы болды. Сең өткен ағыста өзен деңгейі 85 сантиметрге дейін төмендеген.
Сала мамандары сеңнен қауіп жоқ екенін айтады. Дегенмен су басу аумағында орналасқан саяжай тұрғындары мен шаруашылық иелері қауіпсіздік шараларын сақтағаны жөн. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы хабарландыру сигналдары, эвакуация жасау шаралары және ережелерімен танысып, соған алдын ала дайын болуды ескертеді.
«Аумақты су басу қаупін байқаған кезде төтенше жағдайлар қызметінің 112 нөмірі бойынша қоңырау соғып, хабарлау қажет. Есіңізде болсын, қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін арашалап қалу мүмкіндігіңіз көбейеді», – делінген Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасы хабарламасында.
Айта кетейік, биыл жоғарыдан келіп жатқан мол судың арқасында Арал теңізінің деңгейі 48 см-ге дейін көтерілді. Мамандардың айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бастап теңіздегі су деңгейі 40,90 мБЖ дейін көтеріліп, жиналған су көлемі 19,7 млрд текше метрге ұлғайды. Былтыр жыл көлемінде Аралға 816 млн текше метр су түссе, биыл екі айдың өзінде 803 млн текше метр су келген.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<