Сенім грамоталарын тапсырды

532

0

 «Ақорда» резиденциясында 3 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Сенім грамоталарын Америка Құрама Штаттарының елшісі Дэниел Розенблюм, Сьерра-Леоне Республикасының елшісі Мұхамед Йонгаво және Молдова Республикасының елшісі Лилиан Дарий тапсырды.

Президент дипломаттарды Қазақстандағы ресми миссияларының басталуымен құттықтап, олар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен және қажырлы еңбегімен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған бейбіт әрі ашық сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті.

Шара соңында Президент дипломаттарға табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.

АҚШ елшісін қабылдады

Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюмді қабылдады.

Кездесуде Президент Қазақстан АҚШ-пен барлық бағытта стратегиялық серіктестікті нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Дэниел Розенблюм Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктес екенін атап өтіп, АҚШ тарапы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларын толығымен қолдайтынын мәлімдеді.

Көңіл айту жеделхатын жолдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған жеделхатында Ыстанбұл қаласындағы жантүршігерлік лаңкестік әрекеттің салдарынан жазықсыз адамдардың құрбан болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

– Осындай қиын сәтте бауырлас түрік азаматтарының қайғысына шын ниетімізбен ортақтаса отырып, Cізге және жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын, – деп жазылған жеделхатта.

Президент қаза тапқандардың жаны жәннатта болуына және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<