Қызылорда қаласындағы №264 сайлау учаскесінде жалпы 2670 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесінің төрағасы Бек Тумырзаевтың айтуынша, сайлау учаскесі таңғы 6-дан бастап өз сайлаушыларына есігін ашты.
– Таңертеңгі сағат 6-дан 7-ге дейін байқаушыларды тіркеу жұмыстары жүргізілді. Онан соң мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, алғашқы сайлаушыларымыз өз таңдауын жасады. Жалпы бұған дейінгі сайлауларда да, референдум кезінде де біздің учаске тұрғындары жоғары белсенділік көрсетіп келеді, бұл жолы да солай болатынына сенеміз, – деді сайлау учаскесінің төрағасы.
Шынында, сайлау учаскесіне ағылып келіп жатқан сайлаушылар легі көп болды. Күндізгі сағат 11.10-да 1004 сайлаушы дауыс беріп үлгерді. Алғашқылардың бірі Өткелбай Шманұлы ақсақал ел үшін, халық үшін маңызды саяси науқанның сәтті өтуіне, абыроймен аяқталуына тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді. Ал 18 жасқа енді толған Ақмарал Жеткергенова алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Сонымен бірге Айдын Айбеков есімді жігіт жұбайы, бала-шағасымен бірге келіп, дауыс беріп, үлгілі отбасы ретінде танылды. Бұлардың бәріне сый-сияпат табысталды.
Сайлау учаскесінің маңайы мерекелік көңіл-күйге бөленген. Ән әуелеп, тұрғындар мерекеге келгендей қуанышты күйде.
Кешкі сағат 19.00-дегі мәлімет бойынша, сайлаушылардың 60 пайызға жуығы қатысып, өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесі төрағасының айтуынша, таңертеңнен түске дейін белсенділік жоғары болған, яғни, түске дейін көптеп келген. Жалпы 7 адам үйден дауыс беруі керек болған, бірақ тағы екі сайлаушы үйден таңдау жасауға өтініш берген. Байқаушыларды қатыстыра отырып, олардың өтініштері орындалды.
Жалпы нақты дерек бойынша учаскеге қарасты сайлаушылардың 56,5 пайызы өз таңдауын жасаған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<