Сенім сәулесі

677

0

1 наурыз – Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы күн. Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген шынайы достық қарым-қатынасты қалыптастырудың маңызын арттыру, жастарға ұғындыру мақсатында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы  «Қазақстан халқына мың алғыс!» атты дөңгелек үстел өткізді. Оған Қорқыт ата атындағы университет оқытушылары, ҮЕҰ, облыстық этномәдени бірлестік және жастар ұйымының жетекшілері, «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері, БАҚ өкілдері қатысты.

– Бұл күн – елімізде жалпыхалықтық мереке. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады. Бүгінде Ұлы Дала төрінде, бір шаңырақ астында 100-ден астам, ал Алаштың анасына айналған Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова кездесуде.

Деректерге жүгінсек, соғыс жылдарында Сыр өңіріне болгар, грек, еврей, корей, латыш, орыс, поляк, румын, сыған, серб, татар, чуваш ұлтынан барлығы 30062 адам келген. Қазақ халқы бұл уақытта бір үзім нанын беріп, оларды бауырына жақын тартты. Бұл туралы облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ғылыми-сараптамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дәулет Омаров баяндады.

– Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ұрыс жүріп жатқан аймақтардан тұтас этникалық қауымдастықтарды күштеп қоныс аудару жүргізіліп жатты.  Қызылордаға әкелінген қалмақтардан 3861 адам Арал ауданына жайғастырылды. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары тылдағы елге де оңай тимегені аян. Әсіресе, Қиыр Шығыстан, Кавказ тауларының тұс-тұсын мекендеген халықтар, кең-байтақ Қазақстанның, оның ішінде Арал теңізі жағалауына көптеген босқындар көшірілді. Олардың талайы Аралдан жаяулап-жалпылап теңіз жағалауларындағы ауылдарға қоныс тепті, осы жерде ұрпақ сүйді. Жергілікті қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып, жеңісті жақындатуға лайықты үлестерін қосты. Сондай-ақ, әкелері майдан шебіне жөнелтілген балаларды ұлтына қарамастан қазақ халқы өз отбасыларына алып тәрбиелегені туралы да мәліметтер бар. Арнайы жер аударылып келгендерге колхоздар мен кәсіпорындар есебінен үйлер бөлініп, қосымша киім-кешек, азық-түлік үлестірілген, – деді ол.

Қызылорда облысында орын алған маңызды оқиғаларға үңілу, туған өлке тарихының жаңа беттерін саралап, кейінгі ұрпаққа қалдыру мақсатында архив қорында сақталған құжаттарға тіл бітірген біршама зерттеулер көпшілік қауымға жариялануы керек. Әйтпесе ол құжаттардың еш маңызы жоқ. Шарада «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің бөлім басшысы Дана Қалтаева «Тағдыр табыстырған ұлттар ордасы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. 

– Деректер бойынша Сыр өңіріне армяндар, курдтар, немістер, поляктар, шешен-ингуштар көптеп жер аударылып келген. Оларды қабылдау, орналастыру, баспана, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін штабтар құрылып, қатаң бақылауға алынған. 1938 жылғы 13 наурызда Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің «Қызылорда облысы бойынша корей халқын орналастыру және шаруашылықтарға бөлу» жөнінде  қаулысы шыққан. Облысымызға келген 7457 корей ұлтын шаруашылықтарға жұмысқа тұрғызу туралы қаулы қабылданды. 3386-н колхоз шаруашылықтарына, облыстағы күріш егумен айналысатын шаруашылықтарға, дәнді дақылдар және бау-бақша мәдениетіне, балық шаруашылықтарына, кооперативтік өнеркәсіпке 2241-ін орналастыру мәселесі қаралған. Арал ауданына – 652, Жаңақорған ауданына 262, Қармақшы ауданына 1927 корей отбасы орналастырылды. 1941 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанға эвакуацияланғандар келе бастады. Ал осы жылдың 5 тамызындағы эвакуациялық бөлімнің мәліметі бойынша,  1273 адам келген,  олардың 664-і ер азамат, 609-ы әйел, 904-і еңбекке жарамды, 12 адам еңбекке жарамсыз. Бұл алғашқы лектің 1026 адамы Қызылорда қаласында қалдырылып, 247-сі Аралдағы, «Арал су көлігі» мекемесіне жіберілді, – деді баяндамашы.

Мұнан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушылары Болат Әпенов, Бақытжан Ахметбек баяндама жасады.

 Шара соңында  «Алғысым – Отаныма!» тақырыбында ұйымдастырылған облыстық эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға аймақтағы жоғары оқу орындарынан өзге де ұлт студенттері  қатысуға өтінім берген. Келіп түскен материалдар сарапталып, үздік деп танылған эссе авторлары марапатталды. Жастар атынан  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Елена Пак алғыс білдірді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»