Сенімге ие болған – Смаханова

1474

0

17 мамыр – Пульмонолог күні

Пульмонолог өкпенің анатомиясын, физиологиясын, жұмыс істеуін зерттейді. Ол тыныс алу жүйесінің ауруларын емдейді. Пульмонологтардың қызметі нәтижесінде науқас еркін тыныс алып, өмір сүруге жолдама алады. Ертең тыныс алу жүйесінің ауруларын диагностикалау мен емдеуге маманданған пульмонологтар өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Көп бейінді облыстық ауруханасының терапия 2 бөлімшесінде Смаханова Айнұр Қорғанбекқызы дәрігер-пульмонолог болып жұмыс істейді.
Айнұр Қорғанбекқызы 1975 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының «Емдеу ісі» оқуың бітірген. Әр жылдары қалалық жедел жәрдем станциясының мобильді тобының терапевті, көп бейінді облыстық ауруханасының кеңес беру бөлімшесінде терапевт дәрігері, кеңес беру диагностика бөлімшесінде терапевт дәрігері, терапия №1 бөлімшесінде дәрігер терапевт қызметтерін терапия №2 бөлімшесінде терапевт және пульмонолог дәрігері қызметтерін атқарды. Жоғары санаты дәрігер-терапевт. Өткен жылы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатымен марапатталған.

Білімді де білікті дәрігерге емделушілер де дән риза. Өкпе ауруына шалдығып, демікпе мазалаған жандардың бірі, қала тұрғыны Гүлжахан Туленбекова. Жетпістен асқан әжей дәрігерге аналық алғысын білдірді.

«Ауа жетпей, әбден қиналып, көп бейінді ауруханада ем алдым. Дәрігерім Айнұр Смаханова болды. Қарапайым, кішіпейіл жан екен. Менің сауығып кетуіме барлық ем-домадарын жасады. «Ықылас жарты ем – сенім толық ем» деген сөз бар ғой. Айнұр Қорғанбекқызына сенім білдірдім. Шүкір он күн ем алып айығып шықтым. Аурухана ұжымына, дәрігерім Айнұр Қорғанбекқызына алғысымды білдіремін» дейді тұрғын.

Дәрігер Айнұр Смаханова осылайша емделушілердің сеніміне ие болып, алғысқа бөленіп жүр. Ақ халатты абзал жанға кәсіби мерекесінде сәттілік тілейміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<