Серіктестік дамуға серпін береді

253

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары жалғасуда. Аймақ басшысы Нинься-Хуэй провинциясының губернаторымен кездесті. Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, онда екі елдің ынтымақтастығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайдың озық технологияларын отандық өндіріске тарту тапсырмасы бойынша арнайы делегация іссапармен келдік. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы арқылы ғасырлар бойы дамып, бізді Батыс пен Шығысты жақындастыруға негіз болған тығыз сауда-экономикалық қатынастар біріктірді. Бүгінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасы осы бағытты жандандырып қана қоймай, оның әлемдік аренадағы рөлін күшейтті. Сауда керуендері әлі де жаңа Жібек жолы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы өтіп, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін байланыстырады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау салаларындағы озық технологияларды, тәжірибені игеруге қызығушылық танытып, өзімізбен бірге облыстың инвестициялық әлеуеті туралы және 60 инвестициялық жобаның тизерін әкелдік. Біздің тараптан барлық жағдай жасалады. Инженерлік инфрақұрылым жеткізіп береміз, жеңілдіктер ұсынылады, өндірілген өнімді өткізуге атсалысамыз, – деді аймақ басшысы.

Облыста 15 мұнай өндіруші компания жұмыс істейді, оның 8-і – қытайлық кәсіпорын. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен пайдалануға берілген және тұрақты жұмыс істейтін ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.

2018 жылдың желтоқсанында «Чайна Гежуба» компаниясымен бірлесіп, жалпы құны 137,8 млн АҚШ доллары, қуаттылығы жылына 1 млн тонна цемент өндіретін зауыт іске қосылды. 2022 жылдың қазан айында «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен құны 90,4 млн АҚШ доллары, қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақша шыны өндіретін Қазақстандағы алғашқы шыны зауыты ашылды. Зауыт іске қосылғалы бері 31,4 млн шаршы метрден астам, 76,7 млн АҚШ долларының өнімін өндірді. Оның 30%-ы ішкі нарыққа өткізіледі, ал 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады.

Бүгінде шыны кластерін құруға және түрлі шыны бұйымдарын өндіруге бағытталған жаңа ілеспе жобалар шеңберінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Былтыр маусым айында жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін әйнек шығаратын жаңа желі іске қосылды. Одан бөлек, айна, шыңдалған шыны, автомобиль әйнегі мен шыны бөтелке өндірісі бойынша жобалар бар.

Сондай-ақ қуаттылығы 141 МВт-тық 4 күн және 1 жел-электр станциясының құрылысы жүргізілуде.

***

Делегация Нинься-Хуэй автономдық ауданының Иньчуань қаласында күріш өсіру және өндірумен айналысатын «Ningxia Guangyin Rice Industry Co., Ltd.», ауыл шаруашылығы саласындағы «Ningxia State Farm» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, аймақтың әлеуетіне сай инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

– Қызылорда облысы – Қазақстандағы күріш өндіруші ірі өңір. Облыста барлық қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Жыл сайын 80 мың гектардан астам жерге күріш егеміз.

Өткен жылдың қорытындысымен 500 мың тонна күріш жиналып, 73,2 мың тоннасы экспортталды. Бұдан бөлек, дәнді, майлы дақылдардың, жем-шөп, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егістік алқаптары бар.

Өңірде 700-ге жуық шаруа қожалығында 15 түрлі күріш сорты өсіріледі. Ал күріш өңдейтін 40 компания ғана бар. Негізгі ауыл шаруашылығы өнімі күріш болғандықтан, біз оны терең өңдеу саласына қызығушылық танытамыз.

Сіздердің компанияларыңыздың мол тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысына бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Серіктес қажет болған жағдайда, өңірде өз салаларын дамытқан тәжірибелі кәсіпкерлер бар.

Облыс әкімдігі жер телімін беруге, инженерлік инфрақұрылым жеткізуге, өндірілген өнімді сатуға, жан-жақты қолдауға дайын, – деді Н.Нәлібаев.

Кездесуде облыс әкімі аталған компания басшыларын өңірдің әлеуетімен жақынырақ танысу үшін арнайы іссапармен келуге шақырды.

***

Облыс әкімі бастаған делегация сондай-ақ Қытайдың Чэнду қаласында болды.

Аймақ басшысы «China Minmetals Corporation» және «Hunan Nonferrous Metals Corp., Ltd» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, «Шалқия» жобасы бойынша келіссөздер жүргізді.

– Қызылорда облысы – әріптестік пен инвестициялар үшін зор әлеуеті бар, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Минералды шикізат ресурстарымен, атап айтқанда мұнай, газ, полиметалл және уран кеніштерімен ерекшеленеді. Облыс аумағында қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін элементтердің қоры бар.

Бүгінгі делегация құрамындағы «Шалқия Цинк» серіктестігінің басшысы Асқар Тлеулин кен орнында мырыш пен қорғасын өндіру жобасын кеңінен таныстырады.

Біздің өңір пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру үшін айтарлықтай әлеуетті, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ мұнай-газ саласындағы «Shaanxi Yanchang Petroleum Group» және ауыл шаруашылығы саласындағы «Tongwei Group» компаниялары басшыларымен кездесіп, инвестиция мәселесін талқылады.

– Қызылорда облысы – агро-индустриалды аймақ. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады. Егін, мал шаруашылығының жылдар бойы қалыптасқан жүйесі бар. Кейінгі жылдары егін алқаптарын әртараптандыру, мал басын көбейту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Компанияларыңыздың оң тәжірибесін үйренуге, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Облыс әкімдігі қолданыстағы заңнама аясында өз тарапынан қолдау көрсетеді. Қызылорда облысының әлеуетімен жақынырақ танысу үшін сіздерді арнайы іссапармен келуге шақырамыз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

***

Cычуань провинциясының Чэнду қаласында «Cычуань – Қызылорда» сауда-экономикалық форумы өтті. Оған екі елдің жауапты сала басшылары мен кәсіпкерлері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев форум қатысушыларын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, «Алтын Орда» ЖШС директоры Нариман Абжанов «Тұз өндіру», «Шалқия Цинк Лтд» басшысы Асқар Тлеулин «Шалқия кен орнын игеру», «Абзал және К» ТС қаржы жөніндегі директоры Сағидулла Сыздықов «Күрішті терең өңдеу» жобалары бойынша баяндама жасады.

Облыс Қытайға негізінен мұнай, балық өнімдерін, майлы дақылдардың тұқымын, өңделмеген алюминий экспорттайды. Импорттың негізгі позициялары – машина, жабдықтар, полимерлер және құрылыс материалдары.

Форумда облыстың инвестициялық әлеуетіне сай ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жем-шөп өндіру, құс фабрикаларын, ет және балық, жүн мен тері өңдеу кәсіпорындарын құру, өнеркәсіптік жылыжайларды, құрылыс материалдарын шығару және т.б. салалардағы жобаларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс атқару жайы сөз болды.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен жауапты сала басшылары, сырбойылық кәсіпкерлер «Zangge Mining Co.» компаниясы басшыларымен калий мен литий барлау және өндіру, «Chuanhan Metallurgical Furnace Charge Co., Ltd» компаниясы басшыларымен қорғасын, никель, молибден өндіру, «Power China Sinohydro Bureau 10 Co., Ltd» компаниясы басшыларымен пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша кездесіп, келіссөздер жүргізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<