Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің Шолпан-Ата қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы екінші кездесуіне қатысты.
Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіске қарамастан, аймақтық диалогты күшейткеніне ризашылығын білдіріп, бұл істе Еуропалық Одақтың атқарған рөлі зор екенін айтты.
Сондай-ақ, бүкіл өңір елдері үшін стратегиялық маңызы бар ынтымақтастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, тауар айналымын ұлғайту мәселесіне тоқталды. Мұнда негізгі міндет – сауда номенклатурасын кеңейту арқылы экспортты ұлғайту.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық ресурстарды Қазақстаннан Еуропаға тасымалдау бағыттарын әртараптандыруға ерекше назар аудару, мұнай экспортының перспективаларын айқындау, климат және «жасыл энергетикаға» көшу салаларындағы өзара іс-әрекетті келелі мәселелер қатарында атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<