ҮЙІ БАРҒА КҮЙ ТІЛЕП, ҮЙІ ЖОҚҚА ҮЙ БЕРСЕМ… кәсіпкер Серік Ералы осылай дейді

664

0

 «Ауданда полистиролбетон өнімін шығаратын цех ашылыпты. Өнімдері сапалы әрі сұранысқа ие екен. Қазалыдан өзге жерлерге де жеткізілетін көрінеді» дегенді жиі еститінбіз. Алдымен қолымыздағы құжатты көпшілік назарына ұсынсақ.

«Nur-Madi-Ar» ЖК басшысы Серік Талқанбайұлы Ералы өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, полистиролбетон шығару кәсібімен айналысуда. Бүгінде ол өз кәсібін ұлғайтып, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серік  бұл кәсібін өз қаражатымен ашқан. Қазіргі таңда өзге аудан­дарға да жеткізу қызметін жүргізіп келеді. Көзіқарақтыларға полистиролбетон жеңіл бетондар қатарына жататыны, құрамында түйіршіктелген полис­тирол ба­ры, салмағы жеңіл және жылу­сақ­тағыш болып келетіні жақсы мәлім.

Жақсыны көрмек үшін. Игі істі назарынан қалыс қал­дырмайтын  Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев цехтың жай-күйімен танысып, Серік Талқанбайұлымен кездесті. Цехты аралау барысын­да алдағы уақытта мемлекет тара­пынан өз кәсібін ұлғайтамын деген кәсіп иелеріне оңтайлы бағ­дарламалар бар еке­нін айтып, қол­дау біл­діретінін жеткізді.

Жаңалықты паш етуге асыққан біз де жеке кәсіп­кермен тілдескен едік. Бойында жастық жігері жа­лын­даған, тура  орда бұзар жас­тағы Серік іркілген жоқ. 

– Менің негізгі мамандығым мұғалім. Шымкент қала­сын­дағы Халықаралық гумани­тарлық-тех­никалық уни­вер­­ситетті тарих пәнінің оқы­­тушысы мамандығы бо­йынша бітіргенмін. Алғаш­қыда  қазіргі Қазалы көлік-тех­­никалық жоғары коллед­жіне көркемдік жетекші болып  жұмыс  істеп, кейін тарих пәнінің оқытушысы, дирек­тордың оқу-тәрбие жұ­мыс­тары жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Тарих пәнінің оқытушысы бола жүріп, өткен  жылдың сәуір айынан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім, «Nur-Madi-Ar» полис­тиролбетон цехын аштым.

Халықтың сұранысына сай  құрылыс материалын шы­ғарумен айналысып келемін. Осы кезге дейін Қызылорда, Қармақшы, Байқоңыр, Арал, Сексеуіл және Қазалы аудандарынан тапсырыс түсіп, былтырдың өзінде оншақты үйдің қабырғасы осы материалмен өрілді. Бұл – XXI ғасырдың жаңа технологиясы. Жылуды жақсы ұстайды, ыстық өткізбейді. Салмағы жеңіл. Бағасы қалтаға қонымды. Үй салушы кірпіш сатып алуға қарағанда қара­жатын екі есе үнемдей алады.

Қазір цехта төрт адам жұмыс істейді, алдағы көктем айында тағы төрт жұмысшы алып, жұмысты екі есеге ұлғайту жоспарда тұр. Осы уақытта күніне 150 блок шықса, көктемнен бас­тап күніне 300 блок шығару ойда бар. Бұл кәсіпке қоса «Фасад панел» деген үй қаптайтын құрылыс материалы да шығады.

 Жұбайым Маханова Эльвира аталған колледжде оқытушы болып қызмет атқарады. Осы кезде декреттік демалыста. Төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Болашақта кәсібімді әрі қарай дамытпақпын. Алдағы уақытта осы ауданнан көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасыға бір үй тұрғызып беріп, қолына кілтін ұстатуды межелеп отырмын. Ол жоспар келер жылдың еншісінде», – дейді Серік бізбен әңгіме барысында.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<