Серіктестіктің сенімді үлгісі

369

0

 Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан Президенті лауазымына кірісуіне байланысты құт­тық­тағаны және жылы лебіз біл­діргені үшін Владимир Пу­тин­ге ризашылық білдіріп, өзі­­нің алғашқы шетелдік сапа­ры­ның Ресей Федерациясына жа­салуының символдық мәнін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан мен Ресейдің қазіргі ық­пал­­дастығы көпшілік үшін қа­рым-қатынас жасаудың жар­қын үлгісі болып саналатынын айтты.

– Мемлекет басшысы ре­тін­де мен Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының сабақтастығын қамтамасыз етуге, Қазақстан мен Ресей арасындағы екі­жақ­ты ынтымақтастықты жан-жақ­ты әрі белсенді дамыту ісін жалғастыруға ниеттестік біл­діремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығына, әсіресе энергетика, көлік, транзит, өнеркәсіп және ғарыш салалары мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Ресей Қазақстанның сыртқы саудасындағы «нөмірі бірінші» әріптесі болып қала береді. Қазақстанның сауда айналымындағы оның меншікті салмағы 19 пайыз. Инвестициялық ынтымақтастық дәйекті дамуда. Елімізде Ресей капиталы қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмыстарын табысты атқаруда, – деді Мемлекет басшысы.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде Ресейге алғашқы сапарының символдық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейде екенін айтты.

– Біздің қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп еңбек сіңірдіңіз, әрине Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Біздің жай әріптес қана емес, халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты байланыстар бойынша да жақын одақтас екеніміз сөзсіз.

Біздің қарым-қатынасымыз өте тиімді дамуда. Нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл халықтарымыздың тыныс-тіршілігінен көрініс тауып отыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Владимир Путин.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық саладағы мемлекетаралық өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<