Сезім мен сенім

709

0

Сан қилы өнердің тоғысатын жері – театр. Ән мен бидің, қара сөз бен қимылдың үндесуі, кейде сахнадағы үнсіздіктің өзі адам жанының қатпарына бойлап, қойылым өмірге айналып кете барады. Сондықтан болар, антикалық кезеңнен пайда болған театр өнеріне деген көптің құрметі ерекше. Ал Уилл Роджерсше айтсақ, «Театр – кедейлер байларға жоғарыдан қарай алатын жалғыз орын». Демек театр – тек артистер мен көрерменнің арасындағы диалог қана емес, сыртқы бейне мен басылған әр қадамның өзі талғамды қажет ететін эстетика мен этикеттің көзге көрінер мекені.

Халықаралық театр күні аясында Қызылорда қалалық «Жастар театры» көрерменіне жаңа туындысын тарту етті. Жас драматург Нұрдәулет Баймаханның «Сезімді қайтейін?..» атты музыкалық-лирикалық қойылымында қос ғашықтың баянсыз махаббатына құрылған музыкалық және поэзиялық диалогтар қатар үйлесім тапқан. Мектеп бітіру кешіндегі түлектердің түрлі арман-тілектерімен басталған қойылым Америкаға оқуға кеткен Аружан есімді қыздың сезімге адалдығымен, ол сүйген Аянның  тағдыр жолындағы шешімдерімен шиеленісе түсіп, көрерменнің көкейіне сауал тастайды.

Қойылымның қонақтары Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық-драма театрының басшысы Мұхтар Ниязов, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов театр ұжымына, шығармашылық топқа жылы лебіздерін білдірді. Қалың көрерменнің театр ұжымына қошеметі спектакльдің қаншалықты жоғары деңгейде өткенін сездіріп-ақ тұрғандай.

– Бұл – «Жастар театры» ұжымының төл мерекеге тартуы. Жас драматург Нұрдәулет Баймаханның кезекті туындысын тамашалауға асығып келдім. Жас драматург деп айтуға негіз бар, 2 инсценировкасы, 3 қойылымы Сыр сахналарында қойылған жаңашыл бағытты ұстанған Нұрдәулеттің ізденісі мол. «ҰБТ кілті», «Оң қол», «Ғашық Мұқағали», «Сезімді қайтейін?..» және жуырда премьерасы өтетін «Үйлену оңай…» пьесаларының авторы.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын «ҰБТ кілтіне» инсценировка жасағанда біраз арман-мақсатын бір пьесаға үйіп-төгіп әкелген болатын. Кейін негізгі тақырыпты ашуға жұмыс жасадық. Көрерменнің қабылдауына жеңіл, бүгінгі жастардың шынайы өмір көріністерін, арманын, талғамын ашық суреттейтін пьеса жазып, сахнаға ұсыну мақсаты болатын. Міне, сол мақсаты орындалыпты. Жалынды жастардың ойыны, шығармашылық жұмысы автордың түпкі мақсатын одан сайын айқындай түскен. Жаңа қойылым, жаңа тыныс, жаңа белес құтты болсын! – дейді Ұлболсын Қылышбаева.

Жеті-сегіз жыл көлемінде қалалық мәдениет бөлімі жанындағы үйірме болып жұмыс істеп, биыл ресми театр ретінде ту көтерген шығармашылық ұжым алғашқы қадамымен-ақ қарымын байқатқандай.

– Биыл ресми театр, яғни, Қазақстандағы 67-театр ретінде жұмысымызға кірістік. Жыл басынан бері шама-шарқымыз келгенше көрерменге жастардың үнін жеткізудеміз. Ал ресми ашылуды мамыр айына жоспарлап отырмыз. Тұсаукесер рәсімін жасап, жаңа қойылым ұсыну жоспарда бар. Оған дейін құр қарап отырмайық деп, жылдың басында Төлен Әбдіктің «Оң қол» деген әйгілі шығармасын сахналадық. Бұл спектакль көрерменнің жоғары сұранысына ие болды.

Кәсіби театр ретінде биыл бірінші рет кәсіби мерекені тойладық. Осыған орай Нұрдәулет Баймаханның «Сезімді қайтейін?…» атты музыкалық лирикалық қойылымы көрерменге ұсынылды. Қазіргі уақытта көрермен асыға күтіп, өз аяғымен баратын екі жер бар. Оның біріншісі кино болса, екіншісі – театр. Міне, бұл – көрерменнің рухани қажеттілігінен туындаған сұраныс, – деді қалалық «Жастар театрының» директоры Нұрмат Мансұр.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<