Үш мыңға жуық жанкүйер қолдады

291

0

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Кубогы үшін болған финалдық ойында «Қайсарды» үш мыңға жуық жанкүйер қолдады. Жеңіс туын желбіреткен тарихи сәтке Қызылордадан қоса аттанған жерлестерімен қатар елордадағы сырбойылықтар да куә болды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қайсарлықтармен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов та алған әсерімен бөлісті.

– Басқармаға басшы боп тағайын­далған сәттен бастап Кубокты алу керек деген мақсат қойдық. 2017 жылы Премьер-лигада 6-орында болсақ, былтыр 5-орынға көтерілдік. Ал биыл 3-орынға шығамыз немесе Кубок­ты аламыз деп жоспарладық. Нәти­же жаман емес. Маңдай термен жеңіске жеттік. Енді неге Еу­ро­­­паның шыңына шықпасқа?! Ме­­нің қуанғаным – тарихи голды жер­лесіміз Думан Нәр­зілдаевтың салғаны, – деді О.Акимов.

Күрделі жөндеуден өткен Ғ.Мұрат­баев атындағы орталық ста­дион еуропалық стандартқа сай. Бас­қарма басшысы алаңда азулы командаларды қабылдауға дайын екенін айтты. Оған қоса, «Қайсар» ойын­шылары «Байқоңыр» командасы арқылы толықтырылуда. Он­дағы спорт­шылар да ешкімнен кем емес. Фи­нал­да жеңіс сыйла­ған Думан Нәр­­зіл­­даев та – сол команданың түлегі.

– Әлі күнге дейін сол толқыған, қо­­балжыған күйімнен шыға алмай жүрмін. Ерекше сәт болды. Бұл – ме­нің кіндік қаным тамып, бұға­нам­ды қатайтып, қанат бітірген ту­ған жерімнің, қолдау көр­сетуден ая­нып қалмайтын туған елім­нің жеңісі. Жеңіс құтты болсын, жер­лес­­тер! – деді тарихи голдың авторы.

Бас бапкер Стойчо Младенов өз қызметін жалғастыра береді. Ал алдағы жылдың қаңтар, ақпан айларынан бастап Еуропа лигасына кү­шейтілген режимде дайындықты бастайды. Қазіргі құрамның 80 про­центі қалдырылады деп күтілуде. Брифингке «Қайсар» футбол клу­бының директоры Серік Дос­­панбетов те қатысты.

– Бұл – Сыр елінің жеңісі. Ойыншылар да, жанкүйерлер де бар күш-жігерімізді жұмсадық. Сондықтан, жеңіс құтты болсын, жерлестер! Ал­дағы уақытта да «Қайсардың» жұл­дызы жарқырай түсетініне сенімім кәміл, – деді ол.

Жиында қайсарлықтар Еуропа лигасына байланысты мақсат біреу, ол – жеңіспен оралу десті. Осындай асқақ рух, ынта мен жігерді бой­ға жиған команда келер жылғы мау­сымды үлкен дайындықпен бастамақ.

Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<