Шағымдардың көбі полицияның жұмысына қатысты түседі – агенттік

710

0

Агенттіктің Call-орталығына биыл 21 мыңға жуық қоңырау келіп түсті. Өткен жылмен салыстырғанда осы көрсеткіш 4 %-ға өскен. Бұл туралы онлайн брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттіктің Call-орталығына биыл 21 мыңға жуық қоңырау келіп түсті. Оның 3 600-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретіне жатады. Ақпараттық есепке алу кітабы шеңберінде тексеруге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 600 өтініш алынды. Бұл ретте, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен 66 немесе 11%-ы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу нәтижелері бойынша 18 іс сотқа жіберілді», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов.

Оның айтуынша, өтініштердің көпшілігінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны, кедергісіз жүріп өткені, анықтамалар, жүргізуші куәліктері, дипломдар бергені, мүгедектікті, жәрдемақыларды рәсімдегені, жұмысқа орналастырғаны және т.б. үшін параны бопсалау фактілері анықталған.

«Басшылардың қарамағындағылардан ақша қаражатын жинау, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, қызмет бойынша әрекетсіздік, мемлекеттік сатып алу процесінде ұрлау, мемлекеттік бағдарламаларды орындау, сондай-ақ шағын бизнеске заңсыз қамқорлық және кедергі жасау фактілері да аз емес. Шағымдардың көбі полиция қызметкерлерінің (236), жергілікті атқарушы органдар қызметшілерінің (116), мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің (45) әрекеттеріне түседі. Республика бойынша Call-орталықтың өтініштері негізінде барлығы 29 полиция қызметкері тартылды. Жергілікті атқарушы органдардың құрамында – білім беру және денсаулық сақтау салалары. Өтініш берушілердің ең көп саны Түркістан облысы (96), Алматы қаласы (85), Алматы облысы (80), Шымкент қаласы (45), Қарағанды облысы (43), Нұр-Сұлтан қаласы және Жамбыл облысына (41-ден) келеді», – дейді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<