Шағын несие беру басталды

516

0

Жастарға арналған несиелеу бағдарламасы басталды. Қазірдің өзінде «Аграрлық несие корпорациясы» өңірде өтініш қабылдап жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, «Жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу үшін бюджеттік кредиттер ұсыну» бағдарламасы шеңберінде бүгінге дейін 2 рет комиссия отырысы өткен. Онда жалпы құны 168,3 млн теңгені құрайтын 36 жоба мақұлданған.

– Биыл 2,5 пайыздық шағын несиелеуді жүзеге асыруға Қызылорда облысына 2,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған жоба жаңа жұмыс орындарын құруға, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға септігін тигізеді. Мәселен, бағдарлама аясында 7 ауданнан 13 жоба, Қызылорда қаласынан 23 жоба мақұлданды. Санамалап айтсақ, 21 жоба мал шаруашылығына, 13 жоба қызмет көрсету, қалған екеуі құрылыс материалдары өндірісі мен жиһаз шығаруға бағытталды. Үміткерлердің жасы 35-тен аспаған және кепілдікпен қамтамасыз етілген. Комиссия мүшелерінің жұмысына келсек, жобаларды іріктеуде бизнес-жобаның өзектілігі, экономикаға қосар үлесі мен өміршеңдігіне мән беріліп отыр, – деді ол.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бекітілген ереженің талабына сәйкес комиссия отырысына жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін байқаушы қатысады. Ал комиссия құрамына ереже талаптарына сәйкес облыстық мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, ғылым-білім беру мекемелері мен бизнес және салалық сарапшылардың өкілдері енгізілген.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Маханбет Тұрмаханов несие шарттарын таныстырды.

– Бұл бағдарлама негізінен экономиканы өркендетуге басымдық береді. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады. Мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жыл, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін несиені төлеу мерзімі қарастырылған. Жалпы 5 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі бар, – деді ол.

Оның айтуынша, несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Ондай мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні тартуға болады.

Шағын несие қандай жағдайда берілмейді? Тұрғын үйге жататын жылжымайтын мүлікті салу немесе сатып алуға, бағалы қағаздарды сатып алуға, қару, құрамында есірткі бар заттарды өндіру немесе сатып алуға, ойын бизнесіне, заңнамада тыйым салынған террористік бағыттағы қызметке, акцизделетін тауарларды шығаруға, темекі және алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға, кредиторлық берешекті өтеуге және бизнесті жүргізуге қатысты емес жеке тұтынушылық мақсаттарға берілмейді.

Ж.Дәулетбаева несиелеу бойынша облысқа бөлінген қаржы толық игеріліп, тағы да қажеттілік туындаса, үкіметтен жыл аяғына дейін қайта қаржы сұралуы мүмкін екенін де жеткізді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<