Шаһардың ширататын шаруасы көп

5628

0

Сыр өңірінің айнасы – Қызылорда қаласының экономикалық дамуы мен  бірқатар салалары бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Қалада қордаланған мәселе көп. Табалдырықтан басталатын тазалық,  көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, қоғамдық көлік пен құрылысы тұралап қалған  нысандардың жағдайы өткен сенбіде облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен болған кеңес отырысында өткір талқыға түсті. Қала әкімі Асылбек Шәменов қатысып, қордаланған мәселелерді шешу жолдары пысықталды.

Облыс әкімінің орынбасары жоспарланған көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізу үшін кеңес көздеген мақсат өте маңызды екенін айтты.

– Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы облыс басшылығының ерекше бақылауында тұр. Республикалық және облыстық бюджеттен түсетін қаражаттардың елеулі бөлігі облыс орталығының дамуына жіберіледі. Өткен жылы Қызылорда қаласының нақтыланған бюджеті  64,2 млрд  теңге болса, биыл бес айда 52,8 млрд. теңгені құрап отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, соңғы айда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстар айтарлықтай күшейтілді. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында құны 667 млрд теңгені құрайтын 22 жобаның тізімі қалыптастырылды. Оның ішінде, 19 жобаға 285 млрд теңге қаражат қажет. Жобаларды қаржыландыру мақсатында «Қазақстан Даму Банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдарымен  жұмыс жүргізілуде. Кредиттік тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына қосымша 30 млрд теңге тарту мәселелері шешілуде.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің тікелей қолдауымен және тапсырмасымен қазіргі таңда қөпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде, Қорқыт ата атындағы әуежайдың жөндеу жұмыстары басталып кетті (45 млн теңге), қаланың дамуына қосымша 5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, – деді Мархабат Жайымбетұлы.

Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың мәлімдеуінше, өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың 7 макрокөрсеткіштері бойынша Қызылорда қаласында 2-і орындалмаған. Өнеркәсіп өндірісі көлемі 4,4 процентке төмендеп, мұнай өндіру көлемінің 7,6 процент азаюы себеп болған. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі 0,3% төмендеген. Ал биылғы жылдың 4 айында тағы да 2 көрсеткіш бойынша  динамиканың түсуі орын алды. Сонымен қатар, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 12,6, машина жасау 36,6, машиналарды жөндеу мен құрылғыларды орнату 27,9% төмендеп, өнеркәсіптің өңдеу секторы да 17,8 проценке түскен.

Бұл ретте басқарма басшысы қала экономикасын одан әрі дамыту бойынша  нақты бағыттарды айқындап, шаралар кешенін әзірлеу қажеттігіне тоқталып, ұсыныстарын айтты. Ол алдымен инвесторларды тарту мақсатында өнімді өңдеуге назар аудара отырып, нақты басымды инвестициялық жобалардың тізімін жасау, өңірде қосымша жұмыс орындарын ашу, салық базасын кеңейту және малдың барлық түрін сататын ірі кешен құру, халықаралық сауда байланысын нығайту үшін облыс орталығында ірі халықаралық көтерме-көліктік- логистикалық терминал құруды ойластыру, жаңартылған көкөніс сақтау қоймаларын қарастыру мүмкіндігін қолға алу керектігіне назар аударды.

Қала бюджеті өз кірістерін биылға 19,2 млрд  теңге деп жоспарласа, 4 айдың қорытындысы бойынша 25,3%-ке немесе 4,8 млрд  теңгеге орындалған, межеден төмен. Салықтық түсімдер 45%, салықтық емес түсімдер 10%, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 6,4%-ке орындалған. Яғни, салықтық емес түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бойынша жоспарды асыра болжамдаған. Биылғы 1 мамырына жоспарланған түсімнің 424 млн.теңгесі ғана немесе 4,9% орындалған. Жыл аяғына дейін түсетін түсім 3,3 млрд теңгеге жоспарлануда немесе 38,1%. Орындалмау қаупі бар түсім көлемі 4,9 млрд теңгені құрайды.

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов бюджет қаржысы нысаналы әрі уақытылы пайдаланылуы қажеттігін айтып, ай сайын және жыл қорытындысымен бюджет қаражатының 100 процент игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

І тоқсан қорытындысы бойынша қаладағы кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында 3 көрсеткіштің төмендеуі байқалады. Мәселен, өнеркәсіп саласы 9,7, өңдеу өнеркәсібі 19,1, өңдеу өнеркәсібінің инвестициясы 76%-ке төмендеген. Облыс өнеркәсібінің тең жартысынан көбін, яғни 74% қалаға тиесілі. Мұнай кеніштерінің табиғи сарқылуы өнеркәсіп өнімінің төмендеуіне әкеліп, облыс республика бойынша соңғы орында қалды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің де көлемі 19%-ке сырғыған. Оған тамақ өндірісі (15,2%), жеңіл өнеркәсіп (53,3%) және мұнай өңдеу (14,3%) көлемінің төмендеуі тікелей әсер еткен. Мұндай мәліметтерді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков баяндады.

Мұнай кеніштерінің  сарқылуына байланысты өнеркәсіп саласын  дамытудың мүмкіндігі  болмаса да өңдеу өнеркәсібін дамытуда бірқатар резервтер бар. Біріншіден, облыста көлемі, мемлекеттен бөлінген қаражат жағынан да индустриялық ірі аймақ қалыптасқан. Аталған аймақ 2019 жылы құрылып, жаңа жобалар орналасу үшін 366 гектар жер телімі бөлінді. Алайда, осы уақытқа дейін  осы аймақта орналасқан 9 жобаның тек біреуі ғана іске қосылған. Басқа жобаларды іске асыру қажетті деңгейде қадағаланбаған. Басқарма басшысының айтуынша, үстіміздегі жылдың І тоқсанында Қызылорда қаласына тартылған инвестиция көлемі 9,1%-ке артқанымен (30 млрд теңге) өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 76%-ке төмендеген.  Жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде, соңғы үш жылдықта қала әкімдігі шыны зауытымен игерілген инвестиция есебінен оң нәтижеге қолжеткізіп отыр. Сондықтан, инвестиция тарту үшін, жаңа жобалар іздестіру қажет.

Облыс бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 56615 бірлікті құрайды және олардың 48,5 проценті немесе 27 471 субъектісі Қызылорда қаласына тиесілі. Тіркелген кәсіпкерлердің 23 928-і белсенді салық төлеушісі. Былтыр өңірімізге туристік мақсатта 94 364 адам (2020 ж. – 50 704 адам) келіп, 2020 жылмен салыстырғанда 1,8% ұлғайған. Келушілерге 1,1 млрд  теңге көлемінде қызмет көрсетіліп (2020 ж. – 723,5 млн теңге) 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Жалпы, Қызылорда облысында 119 орналастыру орындары болса, оның 63-і Қызылорда қаласына тиесілі,–  деді басқарма басшысы.

Қаланың коммуналдық саласында да бірқатар өзекті мәселелер бар. Мәселен, 2021-2022 жылдары Арай, Қызылжарма, Титов аудандарында 40 шақырымнан астам электр желілерін жаңғыртуға  201 млн теңге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Дегенмен, облыс орталығындағы 306 шақырымға жуық (самострой) электр желілері құрылыс нормаларына сәйкес емес. Бұл апаттық жағдайдың  жиі орын алуына әкеліп, тұрғындар наразылығын тудыруда. Шаһардағы кәріз суларын тазарту, сол жағалаудағы үйлерді жылумен қамту, өжірелердің суға толуы, тұрғындардың ауызсуға берешегі, тазалықтың сақталмауы секілді күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Дәрібаев мәлімдеді.

– «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне тұрғындардың қарызы жыл сайын көбейіп келеді. Ай сайын тұрғындардан жиналатын ауызсу және кәрізсу  төлемдерінің төмен болуынан қызметкерлерге мерзімінде айлық берудің өзі қиындық туғызуда. Осы мекеменің «Қызылордажылуэлектрорталығы» (80,9 млн тг.) және «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» (23,5 млн тг.)  кәсіпорындарының алдындағы берешегі 100 млн теңгеден асып отыр. Осыған байланысты, мекеменің қаржылық жағдайын жақсарту және қарыздарды жинау динамикасын жандандыру қажет, –  деді басқарма басшысы.

– Сонымен қатар, «Қызылорда Автобус паркінің» материалдық базасын нығайту жайы сөз болды. Жауапты сала басшысына жолаушылардың ыңғайлылығы үшін электрондық төлем жүйесін одан әрі дамыту міндеттелді. Айта кетейік, жуық арада облыс әкімінің қолдауымен автобус паркі 150 көлікпен жаңартылмақ.

Кеңес отырысын қорытындылаған Мархабат Жайымбетов облыс орталығына инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін көтеру мен кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жұмысы жиі сынға ұшырайтыны жасырын емес. Облыс әкімінің орынбасары аталған мекеменің өзіне жүктелген міндеттерді толық орындамағанын қаперге салып, дебиторлық қарыздарды жинау көрсеткішінің төмен екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру жұмыстары мен санитарлық-гигиеналық талаптардың да сын көтермейтінін жеткізді. Парк, сквер, аллеяларда қоғамдық әжетхананың жоқтығын күн тәртібіне қойып, қала басшылығына халық көп шоғырланатын орындарға кәсіпкерлерді тартып, санитарлық-гигиеналық тораптарды салу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, базарларды заманауи қалыпқа келтіру кезек күттірмейтінін шегелеп айтты.

Мұнан өзге тұрғын үйлерді салу, жұмысы тұралап қалған құрылыс нысандарының жағдайын бақылау және жол сапасына жете мән беру керектігі айтылды. Мархабат Жайымбетов, әсіресе, жоспардағы тұрғын үй мен инфрақұрылым құрылысына қажетті жоба-сметалық құжаттардың дер кезінде дайын болмайтынын сынға алып, белгіленген межені орындап, республикадан өз үлесімізді алу керектігін жеткізді.

Кеңесте аймақтағы жаңа бастамалар да сөз болды. Тұрғын үй қорын көбейту мақсатында 1000-ға жуық пәтер салынып, пайдалануға берілмек. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізуге Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының кәсіпкерлері шақырылды. Сол жағалаудан бой көтеретін «Үстел теннисі» орталығы бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізсе, жаңадан бой көтеретін Өнер театры мен Салтанат сарайы да қала  сәулетінің жаңа жаршысына айналмақ.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<