Шахмардан Байманов – облыс әкімінің орынбасары

410

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив мәжілісі өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің өкімі негізінде Байманов Шахмардан Асқарұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының мемлекеттік аппарат қызметін оңтайландыру туралы тапсырмасына сәйкес, өткен жылы аппарат басшыларына жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға жетекшілік жасау бойынша өкілеттік берілді. Осыған сәйкес облыс әкімі аппаратының басшысы Байманов Шахмардан Асқарұлы мемлекеттік саяси лауазымына тағайындалып, екі жылдан астам уақыт аппаратқа, оған қоса өңірдің қоғамдық-саяси саласына, қоғамдық даму, мәдениет және спорт, дін мәселелеріне жетекшілік жасап келді.

Ел экономикасын дамытып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуда қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы аса маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлердегі идеологиялық жұмыстарды күшейту мақсатында идеологиялық блок және ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік етуді әкім орынбасарына бекіту практикасы қайта енгізілді. Бұл өз кезегінде өңірлердегі қоғамдық-саяси ахуалдың, әлеуметтік шиеленістер мен тәуекелдердің алдын алып, тұрақтылықты қамтамасыз етеді, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары ретінде Шахмардан Байманов қоғамдық даму, мәдениет, денешынықтыру және спорт, білім, дін және жастар ісі мәселелеріне жетекшілік жасайтын болады.

Ш.Байманов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Қаржы және қаржылық құқық» мамандығы бойынша бітірген. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің «Саясаттану» мамандығы бойынша түлегі, әлеуметтік білім магистрі.

Ш.Байманов әр жылдары үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінде жоғары басшылық лауазымға дейінгі жолдан өтті.

2012-2017 жылдары Ақмола облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, республикалық «Жас Отан» жастар қанатының  төрағасы болған.

2017-2022 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, комитет төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарған.

2022 жылдың сәуір айынан Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<