Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шахматтан оқушылар арасындағы әлем чемпионы, ФИДЕ шебері Назерке Нұрғалимен кездесіп, жас шахматшы мен оның бапкері Василий Шимелковқа алдағы сайыстарда жеңіс тіледі.
Жас спортшы Албанияның Дуррес қаласында сәуір айында өткен жарыста 15 жасқа дейінгі оқушылар арасында Әлем чемпионатында жеңіске жеткен еді. Чемпионатта 40 елден келген 420 спортшы жүлделерді сарапқа салды. Айтулы жарыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль иеленді. Н.Нұрғали швейцар жүйесі бойынша классика түрінен 9 турдан 8 ұпай жинап, Әлем чемпионы атанды.
Шахматпен 6 жасынан бастап шұғылданған Назерке №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. 9 дүркін ҚР жеңімпазы, ФИДЕ шебері, Азия чемпионатының күміс, қола жүлдегері, оқушылар арасында Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, оқушылар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.
Қабылдаудан кейін журналистерге сұхбат берген Әлем чемпионы:
– Бұл жеңіс менің арманым еді. Халықаралық байқаудағы алғашқы алтын медаліме қол жеткіздім. Алдыңғы жарыстарда күміс пен қола жүлделер ғана иеленіп жүрдім. Жаттықтырушымның, мектебім мен облыстық спорт басқармасының қолдауын сезіндім.
Бүгінгі облыс әкімінің қабылдауынан ерекше әсерленіп шықтым. Қырымбек Елеуұлы алдағы жарыстардан тек жеңіске жетуіме, бұдан да биік шыңдарды бағындыруыма тілек білдірді. Облыс басшылығына спортшыларға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіремін, – деді.
Спортшы тамыз айында Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына, қыркүйекте Түркияда өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Аталған жарыстарда Назерке 20 жасқа дейінгі қыздар арасында сынға түседі. Ал қазан айында Грекиядағы Әлем біріншілігінде 14 жасқа дейінгі спортшылар арасында бақ сынайды.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<