Шахмат тақтасындағы тартыс

2536

0

Кеңестер Одағынан шетелге қашып кеткен Виктор Корчнойды әлем чемпионатында жеңіп, атағын қорғап қалған әйгілі шахматшы Анатолий Карповты КСРО басшысы Л.Брежнев елдің ең жоғары марапаты «Ленин» орденін марапаттады. Бұл – 1978 жыл. Тіпті, құшақтап сүйген де еді. А.Карпов 1981 жылы Корчнойды екінші мәрте жеңіп, әлем чемпионы атағын тағы да қорғап қалды. Бұл еңбегі үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденін кеудесіне тақты. Анатолий Карпов әлем чемпионы атағын ғана қорғап қалмай, төрткүл әлемде алып державаның беделін асырып, идеология жағынан үлкен жеңіске де жеткен-ді.

Сонымен елден қашқан Виктор Корчной деген кім, соған тоқталайық. Ол 1931 жылы Ленинград қаласында дүниеге келді, сондағы блокаданы басынан өткерді. Шахмат ойнауды әкесінен үйренген ол пионерлер сарайындағы шахмат үйірмесіне қатысып, үлкен жетістіктерге жетеді.  1945 жылы 1-разрядты қорғаған ол 1947 жылы жасөспірімдер арасында чемпион болды. 1951 жылы ел чемпионатында 6-орынға ие болады. 1956 жылы ФИДЕ шешімімен оған гроссмейстер атағы берілді.

Осылайша, В.Корчной 25 жасында гроссмейстер атағын алды. Шахматшы енді әлем чемпионы болғысы келді. Оған жету үшін мүйізі қарағайдай кеңес гроссмейстерлерін жеңу керек. Алайда, ол қанша талпынса да жолы болмады – 1968 жылы Борис Спасскийден, ал 1971 жылы Тигран Перосяннан жеңіліп қалды.

1974 жылы әлем чемпионы Роберт Фишермен кездесу үшін отандасы Анатолий Карповты жеңу керек еді, одан да жеңіліп қалады. Келесі жылы Фишер Карповпен кездесуден бас тартып, Карпов әлем чемпионы атанды.

Карповтан жеңіліп қалған соң Югославияның «ТАНЮГ» агентігінің журналисіне берген сұхббатында В.Корчной: «Мен қарсыласымнан ұтылғаным рас, бірақ мен талант жағынан Карповтан артықпын, оның шахматтық арсеналы жұтаң. Мен қарсыласымнан жарқын болашақ көріп тұрғаным жоқ» деген болатын. Осы сұхбатты «Советский спорт» газеті көшіріп жариялаған соң «қызықтың көкесі»  басталды. Миллиондаған газет оқырмандарынан басылымға ашу-ызаға толы наразы хаттар келе бастады. Олардың пікірі әр нөмер сайын «Не, спортивно, гроссмейстер!» деген айдармен жарияланып тұрды.

Оқырмандардың пікіріне құлақ асқан билік, КСРО спорт комитеті  Корчнойды 1 жылға турнирге қатысуға тиым салып, гроссмейстерлік 300 рубль степендиясын 200 рубльге түсірді.

1977 жылы Амстердамда өтетін халықаралық шахмат турнирге барған Виктор Корчной саяси баспана сұрап сол жақта қалып қойды. Бұл жақта да да идеологиялық науқан басталды, советтік 30 гроссмейстер қол қойып айыптаған Ашық хат жарияланды. Корчнойдың жары мен ұлына шетелге шығуға рұқсат берілмеді. Баласы институттан шығарылды, армияға шақырылғанда наразылық ретінде бас тартқаны үшін 2,5 жылға сотталды. Корчной жүрген жерінде журналистерге КСРО-да адам құққы тапталып жатқанын айтудан жалықпады. Кеңестік барлау органдары шпиондық әрекетін анықтағасын КСРО-дан қуылған шетел азаматшасы Петра Левеерок Корчнойды өзі іздеп барып, көңілдері жарасып, әсерлеп айтқанда «ығай мен сығай қосылып», антисоветтік жұмысты бірге жүргізді. Әлем чемпионы болу үшін кездескен үміткерлердің барлығын жеңген Корчной Карповпен 1978 жылы Москвада кездесті.

Кездесу бүкіл әлем назарында болды, 21 партияда тең түскен екі гроссмейстер 5:5 есебімен соңғы партияны ойнайтын болды. Әлі есімде, сол кезде барлығымыз «Енді не болады екен?» деп тағатсыздана күттік. Нәтижесінде Корчнойдан 20 жас кіші Анатолий Карпов жеңіп, есеп 5:6 болды. Бас хатшы Л.Брежнев сол күні Карповты Ленин орденімен мараппатау туралы Жарлыққа қол қойды.

«Жығылған күреске тоймайды» дегендей, шахматтан әлем чемпионы атағын Карповтан қайтарып алу үшін ол жолындағы қарсыластарын жеңіп, 1981 жылы Карповпен екінші мәрте кездесті. Анатолий Карпов бұл жолы да өзінің мықты шахматшы екендігін дәлелдеді. Алғашқы 4 партияда Корчнойды 3:0 есебімен жеңіп, алға шықты. 10 партияны тең ойнап 2:6 есебімен ұтты. Бұл өзінің ұтылғандығын мойындағысы келмей, жаланы КГБ-ге жапты. «Залға гипнозшыларды отырғызып қойды, қонақ үйдегі бөлмеме белгісіз біреулер келіп, көзіме баллонмен у шашты» деген секілді айыптаулар айтып, ақталғанымен бәрі негізсіз еді.

КСРО-дағы жариялылық пен демократияға байланысты президент М.Горбачев кезінде КСРО азаматығынан айырған 33 адамға рақымшылық жариялап, ел азаматтығын қайтарды. Бұл тзімде №1 болып Солженицин, ал №18 болып Корчной тұрды. А.Солженицин елге қайтып келді, ал В.Корчной «келмеймін» деп мәлімдеме жасады.

Корчной соңғы рет шахмат ойнап, Швейцария чемпионы атағын қорғап қалды. 2016 жылы 6 шілдеде 65 жасында қайтыс болды. Әйелі мен баласына елден кетуге 1982 жылы ғана рұқсат берілген-ді. Олардың Израйльге көшіп кеткені туралы жазылды. Одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

 Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<