Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Сарыбұлақ ауылы тұрғындарымен кездесті.
Ауылдық клубта өткен басқосуда аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдың жағдайы, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Сондай-ақ, Сарыбұлақ ауылындағы клубтың жайы, елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету сияқты мәселелердің шешілу жолдары талқыланды.
Өз кезегінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сражадин Шамұратов сарбұлақтықтардың негізгі мәселелерінің бірі ауызсу мен клуб ғимараты екенін жеткізді. Ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, Ақсуат ауылына баруға мәжбүр.
– Біз үшін бұл қиындық туғызып отыр. Себебі Ақсуат ауылына тура баратын мүмкіндік жоқ. Сондықтан медициналық бекетті Басықара ауылына қаратуыңызды сұраймыз. Егер осы елдегі ағайын ауыра қалса, жол-жөнекей Басықара ауылына немесе аудан орталығына барады. Одан бөлек, ауылға акушер керек. Бізде дайын маман да бар. Сондықтан ауылға жарты ставкамен болса да акушер штаты ашылу қажет, – деді С.Шамұратов.
Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері қатарында №78 мектепке септик, ауылға жаңа трансформатор қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, оқушыларды тасымалдайтын көліктің тозығы жеткен.
Басқосуды қорытындылаған аудан әкімі әр мәселеге қатысты жауап берді. Шалғайдағы ауыл тұрғындары ешқашан ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<