«Шаңыраққа» өтініш қабылдау басталды

882

0

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі «Шаңырақ» пилоттық жобасына өтініш қабылдау басталды.  Оны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жүзеге асырады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған бағдарлама азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленген.

– Биыл «Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» түсті. Осы бюджетке сәйкес, біз еліміздің шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлар отырмыз. Жылдық мөлшерлемесі 5 процентке тең (ЖТСМ 5,2%), жеңілдетілген заемды алу үшін, бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарына займ мөлшерінің 10 процентінен кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинаулары қажет. Несие­лендіру мерзімі 20 жылға дейін, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

«Шаңырақ» жобасының аясында жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан бастап 2010 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда әкімдік кезегінде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне әкімшілік кезегіне кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс деңгейінен аспайтын (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.

Аталған бағдарлама бо­йынша тұрғын үйді тек жаңадан салынған үйлерден ғана алуға болады. Бұл «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер салып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компания­лары салған үйлер (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар).

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады.

Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі бойынша келесі баға мөлшерлері белгіленген: 240 мың теңгеге дейін – Алматы қаласында, 220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтан қаласында, 200 мың теңгеге дейін – Шымкент қаласы мен Алматы маңындағы аймақтарда, 180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында, басқа өңірлерде 160 мың теңгеге дейін.

Пәтерлер жеке құрылыс компаниялары соққан үйлерден сатып алынған жағдайда ең жоғары заем сомасы: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 18 млн теңге, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында 15 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 12 млн теңгеге дейінгі баға ұсынылған.

Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттілігін бағалау жөніндегі өтініштерін 2020 жылдың 17 тамызынан бастап 16 қыркүйегіне дейінгі аралықта тек hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» клиенттеріне де, әзірше банктен салым ашып, клиенттер қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты.

– Бағдарламаға қатысу үшін алдымен www.hcsbk.kz банк сайтындағы «Қолжетімді тұрғын үй «Шаңырақ» пилоттық жобасы бөлімі арқылы электронды өтініш беру керек. Онан соң банк сайтында өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкерінің қоңырауын күтеді. Ол несиелендіру шарттары мен  бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін банк бөлімшесіне жазады. Үшінші қадам – төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу, займды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алу. Сондай-ақ, банк талаптарына сай, жеке құрылысшылардан жаңа тұрғын үй табу («Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар), сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасау, әрі банктен заем алу қажет.  Заемды алу үшін өтініш берушінің жинақ шотында несие көлемінің 10%-тен кем түспейтін тұрғын үй құрылыс жинағы болу керек, – дейді «Тұрғын үй жинақ банкінің» Қызылорда қаласы филиалының кеңесшісі Жеткерген Дәрібайұлы.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<