Шапшаңдық пен ептілікке баулиды

35

0

Үстел теннисі олимпиадалық спорт түріне жатады. Кезінде елімізде кенжелеп қалған бұл спортқа кейінгі жылдары ерекше көңіл бөлініп отыр. Олардың қатарында Сыр өңірі де бар. Қазірге дейін облыста әуесқой деңгейде дамып келген еді. Ендігі кезекте талай жарыста топ жарған талантты өрендер Қызылорданың абыройын арттырады деген үміттеміз.

Орталықтағы кең залда тенниске арналған үстелдер орналасқан. Олардың барлығы халықаралық талаптарға сай келеді.

– Халықтың сұранысына сәйкес облыс басшылығы үстел теннисі орталығын салу жөнінде шешім қабылдаған еді. Оған облыстық бюджеттен және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан қаржы бөлініп, бас мердігер «СК Дәнекер» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізді. Қазір орталықта 16 үстел теннисі ойын алаңы бар. Жарысты 350 жанкүйер тамашалай алады. Бір мезетте 32 спортшы жаттығады. Сондай-ақ келушілерге арналған жаттығу залы және әкімшілік бөлмелері бар. Спорт кешенінде 31 қызметкер еңбек етеді.

Бұл мектеп өткен жылдың 19 мамырында құрылып, бас директоры қызметіне Қанат Нұрмахан тағайындалды. Қазір орталықта Ернар Ибрай, Жәдігер Жалғасбаев, Саян Сәду секілді 3 жаттықтырушы 200-ден астам өренге тәлім үйретіп жүр, – деді облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты Теннис спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Жәнібек Оңталап.

Жаттықтырушы Ернар Ибрайдың айтуынша, бұл спорттың адам ағзасына тигізетін пайдасы орасан. Шапшаңдық пен ептілікке баулиды. Облыста үстел теннисі енді дамып келе жатқанымен қазірдің өзінде жергілікті спортшылар сан алуан сайыста алдыңғы лектен көріне бастады. Аделя Әлжанова кіші жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде екінші орынға табан тіреді. Оған қоса Әлем би Айдарбек халықаралық сында ел намысын қорғауға мүмкіндік алып отыр. Ал Арсен Ержан ел біріншілігінде жақсы қырынан таныла білді.

– Қуанарлығы, қазан айында өткен республикалық «Алтын күз» ашық турнирінде Аделя Әлжанова жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жетістік жоғары бағалауға тұрарлық. Елімізде бұл жөнінен Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды  қалалары алдыңғы орындарда тұр. Жалпы, шеберлік жарыстарға қатысу арқылы шыңдалады. Облыста турнирлер тұрақты өткізіледі. Шәкірттеріміздің сайысқа көбірек қатысқанын қалаймыз, – деді Ернар Ибрай.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<