Шарт қайта жасалды

777

0

Қызылорда қалалық прокуратурасы жүргізген қадағалау жұмыстарының нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлердің құқықтарын шектейтін акт қабылдағаны анықталды.

Атап айтқанда Қызылорда қаласы әкімдігінің қалалық жер қатынастар бөлімі 2020 жылы өткізген сауда-саттық хаттамасымен Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 70 кәсіпкерлік субъектісіне кәсіпкерлік қызметтерін дамыту және жүзеге асыру үшін жер учаскелері 1 жылға жалдау құқығымен сатылған. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 35-бабы 2-бөлігіне сәйкес елді мекен шегінде объектілер салу үшін пайдаланылатын жер бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы кемінде 3 (үш) жыл мерзімге беріледі.

Алайда жергілікті атқарушы орган жер учаскесін жалдау құқығын аукционға сату кезінде 3 жылға бермей, заңсыз түрде мерзімін 1 жылға белгілеп, кәсіпкерлердің құқығын шектеген. Соның салдарынан кәсіпкерлер қысқа мерзімде құрылыс жүргізе алмаған.

Аталған дерек бойынша Қызылорда қалалық прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында қала әкімдігіне наразылық актісін енгізіп, нәтижесінде әкімдік пен кәсіпкерлер арасында қайтадан қосымша 2 жылға шарт жасалып (3 жыл мерзімге толыққанды), жер телімдерін жалға алу мерзімі ұзартылды.

Қызылорда қалалық прокуратурасы бизнесті қорғау бағытында қадағалау жұмыстарын жалғастыруда. Бұл бағытта мобильді топ жұмыс істейді және 8-7242-24-76-95, whatsApp 8-775-721-45-28 сенім телефондарына кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу деректері бойынша хабарласуға болатынын назарға саламыз.

Қызылорда қаласының прокуратурасы