«Екі қолға бір күрек» деген адамға жұмыс көп. Есебін таппай жатсаңыз, ебін таба аласыз. Ебін табуды «ауырдың үсті, жеңілдің асты» демей, етек-жеңімді жиып табыс табу деп түсінген абзал. Бұл жерде кәсіп қылам деушіге қолдау болар мемлекеттік бағдарламалар жайлы айтып отырмыз. Соған сай қолғабыс болар мекеме де, ақыл берер кеңесші де бар.
Сырдариялық жас кәсіпкер Шынар әкесі Өмірхан Бержановпен бірге құрылыс заттарын шығарып жүр. Екі жыл бұрын мемлекет қолдауымен несие алған ол Қалжан ахун ауылында құм блогтары мен жерге төсейтін өрнектас (брусчатка) шығаратын шағын өндіріс орнын іске қосқан. Бүгінде шыққан өнімді Сырдария, Жалағаш ауданының ауылдарынан тұтынушылар сатып алуда.
– 2020 жылы қазан айында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алдық. Барлығы алты миллион теңге. Мақсатымыз – бүгінгі құрылысқа керекті құм блогын өндіру. Ниетіміз орындалып, жұмысымыз алға басты. Қазір тәулігіне 500 дана блог шығарудамыз, – дейді Шынар Мұхтарова.
Айтпақшы, мемлекеттік қолдаумен алған қаржыға кәсіпкер арнайы жүк көтергіш техника мен құрылысқа қажетті өзге жабдықтар сатып алған. Шынар ауыл маңынан жер рәсімдеп, цехтың орнын үлкейтпекші. Ол кезде үй не ғимарат салуға аса қажетті өнім түрлері де көбеймек.
Бүгінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыған ол «қарманған құр қалмайды» қағидасын мықтап ұстанған.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
Сырдария ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<