Шаруасы ширақ «Байтабын»

549

0

Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылы құрылған. Елді еңбекке жұмылдырып, егін шаруашылығымен айналысатын құрылымның ширек ғасырлық тәжірибесі бар. Кезінде ауыл азаматы Сапар Мыханов негізін қалаған серіктестікті 2021 жылдан бастап білікті әрі тәжірибелі маман Болат Ділдабеков басқарып келеді. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 2975 гектар, оның ішінде 2081 гектар жерге егін егілген.

Заман талабына бейімделген құрылым жыл сайын техника паркін жаңалап тұрады. Айталық, ауыл шаруашылығы техникаларының саны 75, оның ішінде 17 комбайн, 9 жатка, 27 трактор,  9 автомашина, 11 трактор тіркемесі және экскаватор,  бульдозер бар. Бұдан бөлек, күріш тұқымын сақтайтын 2 қойма, 30 тонналық таразы, техника қоятын ангар салынған. Өнім сапасын арттыру үшін 2018 жылы германиялық «Петкус» күріш тазарту құрылғысы алынып, бүгінге дейін шаруашылықтың игілігіне жарап тұр. 

Серіктестікте 127 адам еңбек етеді. Құрылым мен жұмысшылар арасында еңбек шарты және ұжымдық шарт жасалған. Соның аясында серіктестік басшылығы жұмысшылардың  еңбекақысымен уақытылы есептесіп, жыл қорытындысымен қосымша сыйақы тағайындайды. Ал жоғары көрсеткішке жеткен комбайншылар мен жоспарға сай өнім алған сушыларға арнайы жүлделер беріледі.

Серіктестік төрағасының айтуынша, қазіргі талап деңгейіне сай егінді әртараптандыру мәселесі басты назарда. Оның ішінде мал азығы – жоңышқаға сұраныс өте жоғары. Әсіресе, жерінің жайына қарай мал өсірумен айналысатын Арал, Қазалы аудандары жоңышқаға алдын ала тапсырыс беріп отырады екен. Бұдан бөлек, осы шаруашылықтан зейнетке шыққан азаматтардың отбасына жыл сайын 100 престен тегін түсіріп береді. Тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың отын-суына да шаруашылық тұрақты көмек беріп тұрады.

Ауыл мектебіндегі оқушыларды ынталандырып, оқу үздіктеріне қаржылай сыйлықтар беру бастамасы 20 жыл көлемінде дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ, биыл жазғы демалыс кезінде 16 оқушының лагерьлерде тынығуына 35 мың теңгеден қаржы берілген. Ал жаңа оқу жылы қарсаңындағы «Мектепке жол» акциясы аясында 22 оқушының киім-кешегі мен оқу құралдарына қаржылай қолдау көрсетті. Өткен «Балалар жылы» 16 млн теңгеге ойын алаңы салынды.

– Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамын барынша қолдау. Бұл орайда жыл сайын шаруашылықтың 15 ардагері мен 15 жұмысшысына «Сарыағаш» демалыс орнына жолдама беріп, шипалы ем алып, денсаулығын жақсартуына жағдай жасаймыз.

Ауыл тұрғындарының өз-өзін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуі үшін 15 гектар бақшалық жер ашып бердік. Күзге қарай тұрғындар қыстай тұтынатын картоп-сәбізін, қызылша, асқабағын жинап алса, шаруашылық еңбекшілері де маусымдық жұмысына қажетті көкөністерді егіп, өнімін алды. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, қарапайым тұрмыстық қажеттілігімізді қамтамасыз етуге қолдан келгенше жағдай жасай береміз, – дейді төраға Б.Ділдабеков.

Иә, төраға Болат ағамыз осы құрылымның іргетасы қаланғаннан бастап, еңсесін тіктегелі ел мүддесі жолында еңбек  етіп келеді. Егін екті, бригада басқарды. Сапалы өнім алу үшін сан түрлі амал-әдістерді іске асырды. Еткен еңбек, төккен тер еш кетпеді, тәжірибе жинап, табысқа жетті. Алдағы уақытта егінмен қатар мал шарушылығымен айналысуды ойға алған серіктестік құрылымы ет өндіру бағытындағы тың жобаларға түрен салмақшы.

Әңгіме барысында шаруашылық төрағасы өзін толғандырып жүрген жайтты ортаға салды. Оның мәнісі былай, кейінгі жылдары шаруашылықта жер үлесі бар адамдарды сырттан келіп, үгіттеп, ақша ұсынып, жерін сатып алатындар қатары азаймай тұр. Айтуынша, олардың егіншілік жайынан мүлде хабары жоқ, бірде-бір техникасы жоқ, алайда «күріш ексем болды, пайдаға кенелем» деп ойлайды.

– Ал біз ол жерге қаншама жылдан бері тұрақты түрде қаржы салып, өңдеп, күтім жасап келеміз. Дегенмен үлескер кез келген уақытта осылай жерін қайта алып қойса, бұл шығынымызды кім өтейді? Осындай мәселеге байланысты алдағы жоспарымызды нақтылауымыз да қиынға соғатын түрі бар. «Бірлескен істе береке бар» деп атамыз қазақ айтқандай, ауылдас ағайынның арасы бөлінбей, мақсат-мұратымыз бір арнада тоғысып жатса дейміз, – дейді ол.

– Айтпақшы,  – деп сөзін әрі қарай сабақтаған Болат Ділдабеков, – жуырда Өзбекстан елінің Хиуа қаласында гір көтеруден өткен Әлем чемпионатында жастар арасында (58 кг салмақ дәрежесінде) бақ сынап, серпе көтеруден ІІ орын иеленіп, жұлқа көтеруден алтын медальді жеңіп алған Ислам Мәжиев осы «Байтабын» серіктестігінде еңбек етеді.

Әлем чемпионы атанған жігіттің жол қаражатына серіктестік ұжымы демеушілік жасаған.

Бірлігі бекем, шаруасы ширақ ұжым еңбекшілері биылғы жылдан да үлкен үміт күтеді. Айталық, 1202 гектар күріштің әр гектарынан 60-70 центнерден өнім алуды межелеп отыр. Ала жаздайғы еткен еңбектің жемісі – жайқалып өскен алтын дәнді ысырапсыз жинап алу үшін дәл қазір диқан қауырт жұмысқа кіріскен.

Жалпы ауылдық округ бойынша «Байтабын» ЖШС-ның құрамында «Табанкөл» ФҚ, «Байтабын» ФҚ, «Сенім» шаруа қожалығы 2081 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның 1202 гектары – күріш, 130 гектары – мақсары, 446 гектары жаңа жоңышқа, 303 гектары – ескі жоңышқа.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<