Шаруасы ширақ Шиелі

419

0

Шиелі ауданының экономикалық даму динамикасы көш ілгері. Мұны өткен жылы тартылған инвестиция мен ауыл шаруашылығы  көлемінен-ақ аңдауға болады. Ал биылғы меже бұдан да жоғары. Мысалы, қазір өңдеу өнеркәсібі көлемі 18 млрд 806 млн теңгеге жетсе, инвестиция көлемі 25 млрд теңгеден асқан. Инфрақұрылым ауқымы ұлғайып, жұмыспен қамту қарқын алды.

Бұл – ресми есеп-қисаптың бір бөлігі. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен жиында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов өзге де жағымды жаңалықты бөлісті. Басым дені халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Әсіресе, жыл басынан бері 1618 жұмыс орны ашылып, кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету ұлғайған.

– Шиеліде кәсіпкерлік әлеует жоғары. Мәселен, жартыжылдықта 183 жоба бойынша несие беріліп, 254 адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 75 жоба қолдау тапқан болатын. Оның ішінде асыл тұқымды мал және құс шаруашылығы бойынша 8, балық және омарта шаруашылығы аясында 16, егін шаруашылығы бойынша 16, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша 4 және басқа бағытта 31 жоба қаржыландырылды, – деді аудан әкімі.

Халық тілегі қалыс қалмады

Кейінгі жылдары әкімдік аудандағы инфрақұрылымды дамытуды жетілдіре түскен. Ауызсумен қамту, газдандыру, жол салу көрсеткішінде көп өзгеріс байқалады. Мысалы, аудан бойынша 39 елді мекеннің 95 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. «Қызылқайың», «Қосүйеңкі» елді мекендерінде ауызсу жүйесінің құрылысына 447 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілген. Биыл «Ақтам», «Лесхоз» елді мекеніне су тұшытқыш орнатуға аудандық бюджеттен 40 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде Шиелі ауданы 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.

Тұрғындар тарапынан электр желілерінің жай-күйі туралы мәселе көп көтерілетін. Өткен жылы 22 ауылға трансформатор орнатылса, биыл бұл бағыттағы жұмыстар екі кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңде 719 млн теңге бөлініп, тозығы жеткен трансформатор мен электр желілері ауыстырылуда. Екінші кезеңде желілерді қайта құрылымдау жүргізілмек. Екі кезең сәтті жүзеге асса, 38 мың тұрғын сапалы электр энергиясын тұтынады деген сөз.

Есте болса, өткен жылы «Еңбекші», «Жиделіарық», «Бестам», Ә.Тәжібаев, «Алмалы», Досбол ауылдары «көгілді отынға» қосылды. Жыл аяғына дейін бұл қатарға «Ортақшыл» елді мекені де қосылмақ. Нәтижесінде ауданды газдандыру көлемі 80 пайызға көтеріледі деген болжам бар.

– Қазіргі таңда аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 8 шақырымын қайта жаңғыртуға, Тәуелсіздік, Дәулеткерей, М.Шоқай көшелерін күрделі жөндеуге қаржы бөлінді. Сондай-ақ «Самара-Шымкент-Жөлек», «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» жолдарын, «Самара-Шымкент-Қодаманов» көпірін жөндеу жоспарланған, – деді аудан әкімі.

Диқанның дара еңбегі

Биыл Шиелі ауданында 31 501 гектар жерге егін егілсе, оның 12 918 гектары, яғни негізгі үлесін күріш егістігі құрайды. Сондай-ақ ауданда егінді әртараптандыруға ерекше ден қойылған. Мәселен, 1421 гектарға бидай, 1250 гектарға тары мен жүгері, 9923 гектарға малазықтық дақылдар мен 5495 гектарға бақша дақылдары орналастырылған. Ауданда суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісімен 2050 гектар жерге көкөніс және бақша дақылдары егілген.

– Биыл ауыл шаруашылығы саласы бойынша 4 млрд 496 млн теңгенің өнімі өндірілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортты азайту мақсатында әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 1550 гектар жер дайындалып, бау-бақша өнімдері егілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары бүгінде жаңа үлгідегі техникалармен толыққан. Техника паркі кейінгі 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63 пайызға жаңарды. Биыл жаңадан 30 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 1,1 млрд теңге инвестиция тартылды,– деді Нұржан Сәбитұлы.

Күрішті суға бастыратын жауапты сәтте су мамандары белсене еңбек еткен. Олар шаруашылықтарға 59 дана су насосын қойған. Сондай-ақ  «Шиелісушар» өндірістік учаскесі теңгерімдегі 5 каналды, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 6 каналды тазалап, сындарлы сәтте абырой таныта білген.

Сырдария өзеніндегі су жағдайын реттеу мақсатында аудан аумағындағы «Шиелі-Телікөл», «Бұлақты», «Тарша», «Ошақты», «Қалғандария», «Таушұқырой» және Ханқожа көлдер жүйесіне 367 млн текше метр су жіберілген. Нәтижесінде соңғы он жылда су бармаған көлдер мен шабындық-жайылымдардың 98,5 пайызына су жетіп, қолайлы жағдай қалыптасып отыр.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<