Шашылған шатыр, шытынаған шыдам

492

0

Қызылорда қаласында бір мезетте үй шатырлары үйінді болып қалды. Табиғаттың тосын сыйы шаһарға қарасты Тасбөгет кентінде орын алды. Аяқастынан бұрқ еткен жаңбыр аралас дауыл жолын жайпап, сыр беріп тұрған ғимараттардың «сырын» ашып кетті.

Нақты айтар болсақ, 19 маусым күні Қызылорда облысында қатты желдің салдарынан 7 көпқабатты тұрғын үйдің, 4 орта мектептің, 1 балабақшаның және 1 «Қазпочта» АҚ ғимаратының шатыры ұшқан. Тұрғындар мұның барлығы небәрі жарты сағатта болды дейді.

Жұртшылық балалардың мектепте болмағанына қуанды. Себебі №№11, 257,  176 орта мектеп ғимараттарының шатыры жерге құлағанда елдің зәресі ұшқан. Оқушылар ойын алаңында жүрсе, не болар еді? Ал «Қазпочта» АҚ ғимаратының 230 шаршы метр шатыры жерге жығылғанда қаладағы құрылыс сапасының сын көтермейтінін аңғардық.

Тасбөгет кентіндегі №15 екі қабатты тұрғын үй – шатырсыз қалған үйлердің бірі. Мұнда 2012 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілген көрінеді. Тұрғындар жөндеу жұмыстары тым нашар болды дегенді айтады. Сапамен келіспей, құжатқа қол қоймағандар да бар екен.

Мұнда шатырсыз қалған үйлердің қатары көбейген. Ұшқан қаңылтыр балалар ауруханасының темір қоршауын жұлып алса, екінші бір темір жарық бағанасына қадалған. Айта кетейік кент сол күні толықтай жарықсыз қалды. Тек сымдары ғана үзілмей, бағаналар да қисайып қалған. Айналаны тазарту үшін тұрғындар жергілікті биліктен көмек сұрапты.

– Жұмыстан түскі асқа келген бетім. Үйдің терезесі ашық тұрған. Сол сәтте аяқастынан жел тұрып, жаңбыр жауа бастады. Бір кезде үйдiң төбесі тарсылдап кетті. Дереу баламды көтерiп, далаға қарай жүгірдiм. Шықсам шатыр, газдың трубасы аударылып жерде жатыр. Өткен шақта айту оңай. Сол сәттегі сезім әлі көңілге қорқыныш үйіреді, – дейді Тасбөгет тұрғыны Т.Бекмырзаев.

Аудандардағы ахуал да мәз емес. Мәселен Шиелі ауданы, «Қосүйеңкі» ауылындағы №84 орта мектептің спорт залының шатыры және Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылындағы қатты желдің салдарынан «Құралай» балабақшасының шатыры ұшқаны жөнінде ақпарат түскен. Барлық жағдайларда қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Оқиға барысында төтенше жағдайлар департаменттін құрылымдық бөлімшелерінен 16 қызметкер, 3 бірлік техника жұмылдырылған.

Ауа райын болжайтын мамандар 24 маусымға дейін жерді күшті магниттік дауыл басатынын хабарлаған болатын. Ол жергілікті өңірдің магнит өрісінің табиғи гидратациясы. Мұндайда ыстық жел соғады. Жаңбырлы дауыл болуы да ықтимал. Магниттік дауыл әртүрлі уақытта пайда болуы мүмкін және ол табиғатта күтпеген жерден де пайда болады. Бұл кезеңде адамдарға мамандар шамадан тыс жұмыс істемеуден, серуендеуден, суға түсуден және алкоголь, темекіден бас тартуға кеңес береді.

Жасырып-жабатыны жоқ, жел ұйтқып соққан сайын шатыры ұшатын сырбойылықтардың шыдамы шытынай бастады. Сапалы құрылыс салу, оны қабылдап алу, елге ұсыну барысында жауапкершілік қатаң сұралса дейсің. Онсыз шатырымыз «шалқи» беретін тәрізді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»