Шаттыққа бөленген шаруалар

655

1

«Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Еңбек ету бар, сол еңбектің бағаланғаны бір ғанибет. Ала жаздай кетпенін арқалап, атыз жағалаған күрішшілердің тойына куә болдық, осы жолы. Даланың аңызағында тер төккен егінші қауымның мәртебесін көтерген той Жалағашта болды. Дұрысы, осы ауданға қарасты Таң ауылындағы «Алтын дән-2021» мерекелік шарасына қатыстық.

Диқандар думанына қарап шаруашылықтың мол өнім алғанын бірден түсінесіз. Маңдай тердің машақаты да осы сәтте ұмытылғандай. Қаймағы бұзылмаған ауыл адамдарының пейілі қандай?! Бір-бірін құттықтап, мәре-сәре.

Мәдениет үйіндегі шарада «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев егіншілерді биылғы жетістігімен құттықтап, лебізін жеткізді.

– Шаруашылық Таң ауы­лынан бөлек, Мырзабай ахун мен Мақпалкөлде, көрші Қармақшыдағы Ақжар ауылында да күріш екті. Барлығы 3500 гектар алқап. Шаруашылық аталған ауылдарға инвестор ретінде қаржы салып, осы ауылдағы тұрғындардың жұмысқа орналасуына ықпал жасап отыр. Қазір күзгі жиын-терімді қорытындылап, гектарына 70 центнердің үстінде өнім алынды. Биыл Тәуелсіз еліміздің 30 жылдығында шар­уашылық тамаша көрсеткішке жетті. Сіздердің еңбектеріңіз осы мерекеге тарту болғандай. Мол өнім алып, ел қазынасына үлес қосқан біздің жігіттерге рахметімді айтамын. Өз басым серіктестіктегі еңбеккерлерді мақтан тұтамын, – деді төраға.

Шаруашылық төрағасының айтуынша, ел алдында егіншілер беделі артпаса, түскен емес. Серіктестік осы жетістігіне қызметкерлер мен егіншілері арқасында қол жеткізгенін ашып айтты. Қарапайым дағдысынан жаңылмаған төраға «Кім қалай жұмыс істеді, солай еңбегі дәріптеледі» деп ағынан жарылды. Расымен марапаттау кезінде осы сөздің бекер айтылмағанына көз жеткіздік.

Төраға алдымен Таң ауылының тұрғындарын марапаттады. Бұл өзі сондай дәстүр сияқты. Ауыл тіршілігіне белсенді мектеп мұғалімі, балабақша тәрбие­шісі, имам, спорт мектебінің қарауылы, учаскелік полицей, емхана мен пошта қыз­меткерлері де осы сапта болды. «Алтын белгіге» үміткер оқушы қызға да арнайы сый табыстады. Сондай-ақ шаруа­шылықтан зейнетке шыққан ардагерлерін ұмытпады. Іштей «бәрекелді» дестік.

Кезек егінші қауымға жетті. Алдымен 500 мың теңгелік сертификат берілді. Одан соң 1 млн әрі қарай 1 млн 200 мың теңгені барлық жоғары өнім жинаған сушылар алды. Сондай-ақ 1 млн 750 мың, 2 млн 500 мың теңге алған үздіктер сахнаға көтерілді. Соңғысы озат бригадирдің олжасы екен.

Бас-аяғы алпысқа жуық жұмысшы түрлі сомада сыйақы алды. Соңында қос машинаның кілті механизатор Талғат Табынбаев пен күрішші Өмірғали Қуанышовқа берілді. Бұл Таң ауылының өзінде берілген егіншілер марапаты болатын.

– Күзгі науқанды жақсы аяқтап, жемісін көріп жатыр­мыз. Төраға жылда осылай жігіттерді қуантып отырады. Соның бір дәлелі ретінде, міне, бүгін темір тұлпарлы болдым. Биылғы қорытынды бойынша, 25700 центнер күріш бастырып, алғашқы орынға шықтым, еңбегім еленді. Шаруашылықта жыл сайын техника жаңартылуда. 2011 жылдан бері заманауи ауыл шаруашылығы машиналары алынуда. Жаңа технология, заманауи шаруашылық көліктерінің бізге үлкен көмегі бар. Осының арқасында жоғары өнім алып, облыста алдыңғы қатардан көрініп келеміз, – дейді комбайнер-механизатор Талғат Табынбаев.

Айта кету керек, Таң ауылы 1967 жылы шаруашылық болып қайта құрылып, іргелі совхозға айналған. Ал, 1996 жылдан өндірістік кооператив, 2011 жылдан «Таң ЛТД» ЖШС болып атауы тағы өзгерген. Бүгінгі төрағасы – меценат, ауылдан шыққан белгілі азамат, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев.

Шаруашылықтан ауылға ар­наған алымды істерін байқадық. Санамалап айтсақ, ауылда Ұлы Отан соғысына арналған «Тағзым алаңы» қайта жаңаруда. Бұл төрағаның ұсынысымен қолға алынған. Ел қорғаған ерлерін ұлықтаудағы игі іс екені көрініп тұр. Еңселі ескерткіштің сәулетті салынып жатқанын байқайсыз. Ауыл тұрмақ, аудан орталығында да мұндай ескерткіш кездесе бермейді.

Ал, 2019 жылы пайдалануға берілген спорт кешені ауыл балаларын екі түрлі спортқа дайындап келеді. Бұл да – шаруашылықтың ауылға салған ғимаратының бірі. 95 бала жаттығады. Дзюдо мен таэквондодан болашақ чемпиондар көбейетіні анық. Жалпы серіктестік мәдениет үйі, орталық алаң, көшелердегі әр үйлердің сыртқы қоршауымен көркейту-көгалдандыруға қаржы сал­ған. Ауылға сән берер үлкен әсем сағат та орнатқан. Жыл сайын көше жолдарын тазалау, гүл өсіру сияқты жұмыстарды тұрақты үйлестіріп отыр.

Бізбен кездескен төрағаның сенімді өкілі Сәкен Шағыртаев жұмыстарын баян етті. Оның айтуынша, егін даласынан жиылған күріш облыс орталығына кетеді. Өйткені, күріш ақтайтын зауыты сонда. Неге десек, тапсырыс берушілердің көбі дайын өнімді үлкен қала орталығынан іздейді екен. Жергілікті жерге келуге жол шығындарын ауырсынатыны тағы бар. Қазір «Таң ЛТД» шаруашылығының өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес республикаларға кетуде. Негізгі сұраныс та «Лидер» сортына  болып тұр.

– 2011 жылы шаруашы­лықтың озат еңбеккеріне екі «Лада-2117» автокөлігін сыйладық. Содан бері бұл үрдіс тоқтаған емес. 2016 жылдан бастап бұл көбейді. Өйткені, көрші ауылдардағы шаруа­шылық жұмысшылары бұл марапаттан тыс қалмау керек. Былтыр 6 машина берілді. 28 млн теңге шамасында қаржы жұмсадық. Бұған қоса тағы үш автокөлік алып, шаруа­шылықтың белді қызметінде жүрген азаматтарға қызметтік көлік ретінде мінгіздік. Биыл да арнайы автосервиске тапсырыс беріп, тағы да алты көлікті өз озаттарымызға мінгізіп отыр­мыз, – дейді С.Шағыртаев.

Қош, Таң ауылында бас­талған егінші қауымды қуанту Қармақшы ауданының Ақжарында жалғасқан. Мұнда да сол дәстүр, сол үрдіс. Алдымен ауыл тұрғындары, одан соң егіншілер құрметке ие болды. Имамзада Шағыртаев осындағы қос шаруашылықтың жүгін арқалағанына көп болмаса да еңбеккерлерін құттықтауды ұмытпады. Жер несібесін жиған қауымға ақшалай сертификаттар табысталып, бірқатар тұрғын бағалы сыйлыққа ие болды. Ақжарлық диқандардың алды бір жарым миллион теңгені иемденсе, соңы 300 мың теңге қаржылай сыйақы алған. 60-қа жуық жігіт маңдай термен келген несібесін осылай алды. Мұнда да қос көлік тарту етілді. Күріштен мол өнім жиған Нұрлыбек Жәмілов пен Үсен Ұзақовқа «Лада Гранта» кілтін төрағаның өзі табыс етті.

Сондай-ақ, осындай іс-шара Мырзабай ауылында да кеңінен атап өтілді. Екі көлік екі озат егіншіге берілді. Бригадир Ербол Сыдықов пен күрішші Раушанбек Жалғасов темір тұлпарлы болса, қалған еңбеккерлерге 300 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табысталды.

Таң, Мырзабай, Ақжар ауы­лынан 350-ге жуық адамды жұмыспен қамту бір бөлек. Айлығы тұрақты, сонда да сабантойда осылай мерейін көтеру тағы бар. 3500 гектар егістіктен орта есеппен 70 центнерден күріш жиған шаруашылықтың шалқитын реті бар. Кешегі күзде 25 мың тонна өнімді қамбасына құйыпты.

Ал сыйақы қоры ше?! Алты көлікті қосқанда 205 миллион теңге егіншілер қалтасына осылай түсті. Бір қуанарлығы, сол қаржыны алып жатқан жас жігіттер. Көбінің жасы 30-дың шамасында.

Түйін. Мемлекет басшысы Жолдауында «Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруа­шылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет» деп атап айтқан болатын. Мемлекет қолдауына сүйенген шар­уашылық иелері өз қызметкерлерінің де мүддесін жоғары қойғаны дұрыс қой. Бұны әлгінде айтылған елді мекендердің ынтымақты тіршілігінен байқадық. «Таң ЛТД» серіктестігі еңбеккерлерінің риясыз күлкісі мен еңбекке деген ықыласын көз көріп, көңіл қуанғаны да содан еді. Барын егіншімен бөліскен шаруашылық төрағасының үлгілі үрдісін осылай қаттап қойғанды жөн көрдік.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<