Шеберлікті жетілдірген жиын

462

0

Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын қысқы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға даярлау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен «Қыс-2023» атты командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті.

Арнайы-тактикалық жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаменті, ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі, Апаттар медицинасы орталығы Қызылорда филиалы, Ұлттық Ұлан, полиция департаментінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер, қаланың авариялық-құтқару қызметтерінің жұмысшылары жұмылдырылды.

– Оқу-жаттығу өткізудегі мақсат – кез келген қиын жағдайда міндеттерді мүлтіксіз орындау, шеберлікті жетілдіру. Жиын барысында тәжірибелік тапсырма пысықталып, жаттығу кезінде үздіксіз байланыстың болуына және өзара әрекеттестікті ұйымдастыруға баса мән берілді. Шараға 17 техника мен 92 адам қатысты. Қазір жедел топ және шұғыл күштер белгіленген пунктке келіп, барлау жүргізіп жатыр. Олар жағдайды бағамдап, қанша күш керек екенін есептеп береді. Құрылған жедел топ көмекті жедел жеткізудің жолын қарастырып, одан әрі құтқару жұмыстарына кіріседі, – деп түсіндірді облыстық ТЖД төтенше жағдайды жою басқармасының бастығы, подполковник Жандос Досымов.

Еліміз бойынша өтіп жатқан оқу-жаттығу осылайша Сыр өңірінде өз деңгейінде ұйымдастырылды. Штабтың жұмысы мен әрекетін облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Бекболат Әбдіқадыров бақылап отырды.

Жиын соңында командалық штаб бастығы азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштері қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға арналған шараға оң бағасын берді.

Сонымен қатар сол жағалауда жедел ден қою жасағының саптық  қарауы өткізілді. Онда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров, ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті басшысы Жанмұрат Балғабаев, облыстық ТЖД бастығы, полковник Руслан Қайрақбаев жеке құрамның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін, киім-кешекпен жабдықталуын және жауынгерлік дайындығын тексерді. Сондай-ақ үздіксіз қар жаууы салдарынан жолда қалған, зардап шеккен азаматтарды эвакуациялау және ыстық тамақпен қамтамасыз етудің дайындық жұмыстары №6, №10 орта мектептерде жүргізілді. Жалпы облыс бойынша оқу-жаттығуға 1184 жеке құрам мен 367 техника жұмылдырылды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<